СЫН АЙТУДЫҢ ДА ЖӨНІ БАР

СЫН АЙТУДЫҢ ДА ЖӨНІ БАР

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамдардың арасын ашатын, араздыққа себеп болатын жаман қылықтардың бірі – орынсыз сын айту, яғни өзгенің сөзі, пікірі, іс-әрекетінен мін іздеу, қатесін әшкерелеу, бетіне басып масқаралау секілді әрекеттер. Біреуге ақыл айту ең оңай жұмыс. Әлеуметтік желілерді ашып, жазылған түрлі пікірлерге зер салсақ, оған анық көз жеткізуге болады. Біреуге ақыл айтамын деп сынап-мінеп, ақырында, тұлғаның жеке басына тіл тигізуге дейін баратындар аз емес. Адамға сын айтқанда, ол ренжімейтіндей, көңіліне алмайтындай етіп, тігісін жатқыза сөйлеп үйренген жөн. Ақыл сұрау да ақылы болып кетпей тұрғандай, тегін кезінде айтылғандарды қабылдай берейік деп қандай ақыл айтылса да, қандай сын орын алса да, көңілін өзгертпейтіндер бар. Керісінше, өз атына айтылған сынға шыдай алмай, сыншы адамның өзін сынап, бетінен алып, жағасына жармасатындар да кездеседі. Сол себепті сынайтын адамыңыз оны қалай қабылдайтынын анықтап, жағымсыз көзқарас қалыптаспайтын жағдайда ғана орынды сын болса, айтуға болады. Сынағалы отырған адамыңыз өте жақсы араласатын, шын жаныңыз ашитын адам болғаны дұрыс. Әйтпесе, мейірімсіздікке толы қоғамда ешкім ешкімнің артық сөзін көтермейді.

Ғалымдарымыз «Сын айтуға адам іздесең, айнаға қара. Өз кемшіліктеріңмен әуре болсаң, басқалардың айыбын іздеуге уақыт таппайсың» деген. Өзгенің ісіне немесе сөзіне сын айту, айтылған пікірге дереу қарсы шығу көбінесе «мен білемін, сен білмейсің» дегенге келеді. Яғни тәкаппарлықтан туындайды. Тәкаппар адамдар басқа адамнан хақ пен ақиқатты естісе де қабылдамайды, дереу қарсы шығуға даяр тұрады. Тәкаппарлық – күнә болып табылады. Хадис шәрифтерде: «Жиындарда білімі арқылы үстемдігін паш ететіндердің барар жері жаһаннам» делінген. (Ибн Мажә)

«Өзіне басқалардың құрмет көрсетіп, басын иіп тік тұруын қалайтын адам тозаққа

дайындала берсін!» (И. Ахмед) Білім тәкаппар адамның тәкаппарлығын арттырады, қарапайым адамның қарапайымдылығын арттырады. Мен көп білемін деп, өзін пәлекетке тастау – ақылдың ісі емес. Шынайы мұсылман – білімді болады, тәкаппарлықтан бойын аулақ ұстайды, әдептен аспай, орынды сөйлейді. Ата-бабамыз «Сын түзелмей – мін түзелмес» деген. Яғни жөнімен, орнымен айтылған сын, қателікті жөндеуге себеп. Мысалы жұмыс барысында үйрету кезінде, мәселені талқылау, талдау кезінде қателіктері айтылуы орынды. Алайда айтылатын орны мен шегін білу, әдептен аспауға мұқият болған жөн.

Біреуге сын айтар алдында өз мақсатыңызды нақтылап алыңыз. Сіз айтқан сыннан кейін, шынында да ол адам ойын не көзқарасын, ұстанымын өзгертіп, басқа арнаға бет алуы мүмкін бе? Сынаудан қандай нәтиже шығуы ықтимал? Шынында да ол адамның қателігін түзетіп, тура жолға бақыттағыңыз келе ме? Өз дәрежеңізді көтеру үшін оның кемшілігін бетіне басып, басқаны түсіргіңіз келе ме? Басқалардың алдында мінін жариялап, масқаралағыңыз келе ме? Егер соңғы сөйлем мақсатыңызбен сай келмесе, онда сынды тек оңаша жерде, жеке-дара шақырып алып немесе жеке хабарлама жазу арқылы сыпайы да мәдениетті түрде жеткізіңіз. Cын айтудың нәтижесінде кейде дұшпандық, ұрыс-керіс, жанжал орын алып жатады. Әсіресе көпшіліктің алдында айтылған сынның салмағы ауыр келеді.  Адамға көпшілік жиналған жерде сын айту жанашырлық белгісі емес. Көпшілік алдында беделі төмендеген адамның ашуына тигеннен басқа пайдасы болмайды. Көпшіліктің зардап шегуіне себеп болып жатқан қандай да бір қатені айту қажет болған жағдайда, егер тыңдайтынына, түсінетініне сенімді болсаңыз (адамдардың көзінше емес) оңаша жерде, жеке-дара сөйлесіп, жылы сөзбен түсіндіруге болады. Алайда, мақсатыңыз оны кемсіту, сағын сындыру немесе қатесін айту арқылы оның алдында өз үстемдігіңді көрсету болмауы тиіс.  Сынау мен мақтау қашан да қатар жүруі жөн. Біреудің кемшілігін көріп, айтқыңыз келіп, алқымыңыз кеуіп бара жатса, артықшылығын да табуға тырысыңыз. Сөз басында, не сөз соңында артықшылығын тілге тиек етіп, мақтаңыз. Өтірік мақтаудың да қажеті жоқ. Шын риза көңіліңізді жеткізген соң ғана, ол сіздің ақ ниетіңізге сеніп, айтылған сынды түзу қабылдайды.

Діннің үкімдерін түсіндірерде ешкімді ренжітпейтіндей, жалпылық түрде сөйлеген абзал. Мәселен, құлағына сырға таққан жігітті көргенде «мұның не, әйелге ұқсап қалыпсың» деудің орнына, жалпыға ортақ сөйлеп, яғни жиналған көпшілікке әдеп қағидаларын түсіндіре отырып, сөз арасында әйелдердің еркектерге, ал еркектердің әйелдерге ұқсауының дұрыс еместігін жалпылама айтып түсіндірген жөн. Мәселен, әйелдер еркектер сияқты шашын тақырлап алуына болмайды, ал еркектер әйелдерге ұқсап шаштарын ұзартуы, сырға тағуы дұрыс болмайды деп мысал келтіріп өтуге болады. Жалпыға айтылғандықтан әркім өзіне тиісті сабақты алады.

Өзгенің кемшілігі мен оның қателіктері жайлы сөз қозғалғанда, көп адамдар мән бере бермейтін бірнеше зиянды салдарлар ортаға шығады. Біріншіден, кемшілігі ашылған адамға келетін зардап. Айыптау немесе ғайбаттау арқылы кез келген адамның мәртебесіне, жеке өмірі мен қоғамдық абыройына нұқсан келтіреміз. Мысалы, бір кісінің тек жаман әрекеттерін теріп, жарияға жар сала берсек, онда оның балалары мен әйелі (немесе күйеуі) бұны қалай қабылдайды? Әрине, қуана қоймасы анық. Кейде бұл отбасылық үлкен дауға айналып, айрандай ұйып отырған отбасының бұзылуына әкеледі. Осылайша, сыртта жүрген бір «білгірдің» кесірі мыңға тиіп жатады. Ал жұмыста немесе достарының арасында жауапкершілігімен танылған адамның жасаған аз кемшілігін қайта-қайта бетке басу немесе сырттан ғайбаттау, қоғамдағы пайдалы әрі жақсы азаматтардың санын азайтумен тең. Яғни, біреудің сыртынан сөз айту арқылы, өзге адамдардың санасында сол адам жайлы жаман пікір қалыптастырасың. Сондай-ақ, бұл өсекке немесе сынға іліккен адамның еркін жұмыс жасауы мен қоғамдағы қатынасын төмендетесің. Ал мұндай сынға екінің бірі шыдай бермейді. Кейде мұның ақыры жұмысынан, кәсібінен айрылуына және дос-жарандары мен өзге де таныстарымен түсініспеушіліктердің орын алуына әкеп соғады. Нәтижесінде, адамның қоғамнан шеттеп қалу ықтималдығы күшейеді.

Екінші бір зардаптың түрі – қоғамдағы адамгершілік және материалдық құндылықтардың артуын тежеу, тіпті кері кетіру десек те, артық айтқандық емес. Мысалы, қазіргі кезде көптеген діни топтардың арасында бір-бірін сынау, қоғамға жек көрінішті етіп көрсету құбылысы анық байқалады. Өкініштісі, өздерін мұсылман ретінде көрсететін адамдардың да осы құбылыстың тұтануына қатысты болуы. Сәйкесінше көптеген азаматтарымыз осы айыптауларға сеніп, оны талқыға салып, одан әрі өршуіне өз үлесін қосуда. Бұның соңы не болады? «Діндар» деген адамдарымыз осылай бір-бірін масқаралап жатса, қоғамдағы дін құндылығына дақ түсері анық. Өкінішке орай, бұл үрдіс дәл қазіргі уақытта көрініс табуда. Ал материалдық тұрғыдан зардапқа келсек, олар шаш етектен. Мәселен, осы күнгі бос әңгіме мен айыптауларға кеткен уақытты адал табыс табуға немесе ғылым игеруге жұмсасақ, бәлкім, азаматтарымыздың арасында отызында орда бұзып, қырқында қамал алғандар саны бүгінгіден әлдеқайда көп болар ма еді...

 Аят қажы ДЫБЫСҰЛЫ,

Шу ауданының бас имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: