Қасиетті жұма күні «Әзірет Сұлтан» мешітіне Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев бастаған бір топ ауған соғысының ардагерлері келіп қайтты. Құлшылық ордасына арнайы келген ардагерлеріміздің алғашқы ісі – қан майданда қаза тапқан қаруластарының рухына құран оқытып, дұға жасау болды. Өздерінің асыл борышы ретінде санайтын сауапты істерін тәмамдаған соң ғана ардагер қарттарымыз құлшылық ордасымен жақынырақ танысуды жөн санады.
Елбасымыздың себепкерлігімен бой көтерген бірегей мешіттің сәулетіне сүйсінген қарттарымыз құлшылық ордасының жұмысы жемісті болып, елімізді Ислам нұрымен қуаттандыра беруін тілеп, ақ батасын арнады.
Сондай-ақ, майдангер қарттарымыз мешіт порталы Muslim.kz сайты мен Hikmet.tv телерадиостудиясының жұмысымен танысып, оң бағасын берді. «Дін – насихат» деген нұрлы жолда тынбай еңбектеніп жатқан қызметкерлерге де баталарын беріп, ризалықтарын білдіріп жатты.
Қандыкөйлек майдандастарын қашанда есіне сақтап, енді ондай қанды қырғынның қайталанбауын сұраған ардагерлеріміздің қасиетті жұма күнгі дұға-тілектері қабыл болғай!
muslim.kz