Астана қаласының ажарын асқақтатып, өзінің көріктілігімен көз тартқан «Әзірет Сұлтан» мешіті алыс-жақыннан келген қонақтардың ат басын тірейтін ордасына айналғалы қашан. Алыстан менмұндалаған мешіттің қысы-жазы айқара ашық тұратын алып есігінен мұсылман қауымымен қатар, өзге діни наным-сенімдегі жандар да бас сұғып, бағасын беріп жатады.
Бүгін Германия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің саясат пен мәдениет және баспасөз хатшы-референті Джонни Крамер де өзінің көптен бергі арманын жүзеге асырып, «Әзірет Сұлтан» мешітін тамашалауға келіпті. Бас имам Серікбай Ораз Сатыбалдыұлының қабылдауында болып, мешіт порталы мен телестудия жұмысымен танысып шыққан кейінгі Джоннидің таңданысы тіптен арта түсті.
Құлшылық ордасының аумағының үлкендігі мен сәулетінің керемет екендігін айтқан ол әзірге «Әзірет Сұлтан» мешітіне теңдесер мешітке барып көрмегенін жасырмады. Католик дініндегі Джонни негізінен мешітке жиі барып тұратын көрінеді.
Қазақ халқының қонақжайлылығымен дархандығына тәнтімін деген ол сөз соңында осындай жылы жүздесу ұйымдастырған Серікбай қажы Оразға зор алғысын білдірді.
muslim.kz