Индонезиялық ғұламалар кеңесі ел билігіне халықты халал дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайлы үндеу тастады.
«Фармацевтикалық өнімдер де тағам секілді. Сол себепті, олар шариғат талаптарына сай өндірілуі керек»,- деп мәлімдеме жасады аталмыш кеңестің төрағасы Маруф Амин.
Ғұламаның айтуынша, үкімет фармацевтикалық өнімдердің адалдығын растайтын құжатпен (сертификаттау) қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің адал болуы – иман шарттарының бірі. Мұсылманның тәнімен қоса жаны да сау болуы үшін ғұламалардың әлгіндей талабы жүзеге асып, нақты өмірде қолданылуы керек.
Бұған қоса, «халал» мен «харам» ұғымдары мемлекет заңнамасында қамтылып, тиісті орындар тарапынан қадағалануы керек. Осыған байланысты ғұламалар үкіметке «Өнімнің адалдығына кепілдік беру туралы» заң жобасын енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.
Халық саны 236 млн-ға жетіп жығылатын Индонезия тұрғындарының 86 пайызын мұсылмандар құрайтынын ескерсек, аталмыш заңның қажеттілігі белгілі.
Белгілі болғандай, дәрі-дәрмектің едәуір бөлігінің құрамында спирт пен дінімізде тұтынуға тыйым салынған жануарлардың ағзасынан алынған компоненттер бар. Ғұламалардың кейбіреуі мұндай дәрі-дәрмекті пайдаланудың еш сөкеттігі жоқ деп есептейді. Өйткені, мұндай жолмен дайындалған дәрі өнімдерінің құрамындағы спирттің масайтатын ерекшелігінен айырылғанын әрі емдік қасиетін алға тартады. Десе де, индонезиялық ғұламалардың дәрі-дәрмек құрамында күмәнді нәрселердің болғанына үзілді-кесілді қарсы екенін айта кету керек.
muslim.kz