Шуақты көктеммен күлімдей келетін алғашқы мереке алғыс айту күні барша қазақстандықтар мақтаныш ететін, ғұлама, ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халық қалаулысы болған, тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан академик Өмірбек Жолдасбековтың туған күні. Қазақтан шыққан тұлға бүгінде 90 жасқа толар еді.
Осыған орай Тараз шаһарында №50 Өмірбек Жолдасбеков атындағы орта мектепте ғалымның мерейтойына арналған ауқымды шара өткізілді. Атаулы жиынға арнайы шақыртумен "Әулие ата" мешітінің имамы Ораз Баймаханов қатысып қайтты.
Дүбірлі іс-шара мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен басталып, онда Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Б.Құлекеев, мектеп директоры Қ.Қантайқызы, ТарМУ профессоры Сағат Мырзашев баяндама жасады. Алматы қаласында академик Бақытжан Жұмағұловтың модераторлық етуімен Премьер-министрдің орынбасары, білім-ғылым министрі, халықаралық академиялардың президенттері, оқу орындарының ректорлары, көптеген академиктер қатысқан "Ө.Жолдасбековке 90 жыл" атты халықаралық симпозиумға Тараздықтар да мектептен онлайн режимде қосылды.
Сонан кейін көпшілік оқушылардың ғалымның 90 жылдығына жасаған робототехника көрмесін тамашалады. Оқу орнының асханасында құдайы ас беріліп, Ораз қажы Құран оқып, ғалымның рухына сауабын бағыштады.
Сонымен қатар арнайы форма киген жеткіншектер сап түзеп, академиктің атымен аталған аллеяға шырша талдарын егу рәсімі өтті. Шараға жиналған көпшілік академиктің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, еске алды. Елім деген ерлер барда, ер ел есінде болмақ!
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі