Британдық ислам ұйымы қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау әрі электр қуатын үнемдеу үшін елдегі мешіттерді «жасылдандыруды» қолға алмақшы.
«Қасиетті Құранның талай жерінде табиғаттың әсемдігі сөз болады. Тұмса табиғаттың тұнық жаратылысы жайлы көп айтылғандықтан, оны көздің қарашығындай сақтауымыз керектігі айдан анық»,- деді тілші әрі саясаттанушы Мириам Франсуа-Срра.
Өткен сенбіде Ислами даму және білім беру агенттігінің қолдауымен мешіттерде экологиялық жағынан таза жобаны енгізуді көздейтін арнайы бағдарлама іске қосылды. Бұл шара жоғарыда аталған мұсылман ұйымы мен Еуропалық мұсылман жастары әрі студенттер ұйымдары форумының (FEMYSO) ынтымақтастығы аясында кәрі құрылықта жүзеге асырылып жатқан Green Up My Community! («Қоғамымызды жасылдандырайық!») атты науқанның жалғасы іспетті. Бұл науқан мұсылмандарды табиғатты аялауға және қорғауға тәрбиелеу мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Бір қызығы, бағдарлама қабылданған сәттен бастап, Лондондағы мешіттер бұл бастамаға дереу үн қосып, жаңалықты бірден іліп әкетті. Солардың қатарында осынау жаңалықты жатсынбаған East London, Palmers Green Mosque және Al Manar мешіттерін ерекше бөле-жарып атауға болады.