Алдында хабарлағанымыздай, Ангола билігі елде ислам дініне тыйым салынбағанын мәлімдеген еді. Алайда, құқыққорғау ұйымдары бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Құқыққорғау ұйымдары Африрка құрылығында орын тепкен осынау елде мешіттердің жабылуы мен шариғат шәлісін жамылғандарды қудалау, қысым көрсету секілді келеңсіздіктердің әлі күнге тыйылмай тұрғанын сынға алды. Оның үстіне, жергілікті мұсылмандар жамағатының жетекшісі де осы айтылғандарды растап, мұсылмандардың кемсітушілікке ұшырап отырғанын жеткізген.
«Менің білуімше, Ангола ислам дініне тыйым салуға бел байлаған алғашқы мемлекет,- деді Оңтүстік Африканың ашық қауымдастық бастамасы деп аталатын ұйымның директоры Элиас Айзек The Guardian ақпарат көзіне берген сұхбатында. – Бұл – барып тұрған ессіздік, ауытқушылық. Билік орындары өзгеше ойлайтындарға қырын қарайды»,- деді ашына тіл қатып.
Ангола шенеуніктері атышулы ақпаратты теріске шығарғанымен, тілшілер мен құқыққорғаушылар билік өкілдерінің ислам дінін мойындамайтынын әшкереледі. Аталмыш елдің әділет министрлігінің өткен айда 194 діни ұйымды тіркеуден өткізбей тастағаны да белгілі болды. Солардың ішінде мұсылмандар жамағатының да ұйымы барын айта кету керек.
Қазіргі уақытта Анголада 83 діни ұйым тіркелген. Олардың бәрі христиан ұйымдары болып табылады. Ел заңы бойынша діни бірлестіктер құқықтық мәртебеге ие болуы үшін Анголаның 18 провинциясынан кем дегенде 12 провинциясында 100 000 мүшесі болуы керек.
Анголаның ислам қауымдастығы (ICA) растағандай, соңғы екі жылдың ішінде ел аумағындағы 8 мешіт жабылған. Анголаның барлық аумағында 78 мешіт бар. Анголада ислам діні дін ретінде ресми мойындалмайтындықтан, лицензиясы жоқ деген желеумен ел астанасындағы мұсылмандардың құлшылық үйінен басқасы билік пәрменімен жабылған болатын.
Сондай-ақ, ICA президенті Дәуіт Джа Ангола көшесінде шариғат шәлісін жамылып жүрген әйелдің соққыға жығылғанын да жасырмады.
muslim.kz