Ихсан ілімі - тақуалық

Ихсан ілімі - тақуалық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Ислам діні – бұл Алла Тағала жіберген, Елшісі арқылы көрсеткен жол. Бұл Оған бойұсыну діні. Адам атадан бастап соңғы Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с)  бізге жеткізген діні.  Діннің үш негізі бар.  Иман – адамның сенімі. Ислам – Алла Тағаланың бұйырғанына бойұсынып, тыйғанынан тыйылу. Ихсан ілімі – барлық істе шынайылық таныту. Жаратушы Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету немесе біз Раббымызды көрмесек те, Алла бізді әрдайым көріп тұр деген сенім жүрекке орнықтыру. Ихсан – бұл Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық қылу. Әр істе, әр құлшылықта шынайы болу. Алла Тағала біздің әр ісімізді, сөзімізді, ойымызды, ниетімізді біледі. Шынайылық болмаған құлшылықтан пайда жоқ.

      Мұсылман өзін Алланың көріп те, естіп те тұрғанын біледі. Сондықтан Аллаға ұнамайтын нәрселерді тыңдамайды және қарамайды. Егер сен Исламның тірегі болған 5 парызыңа, иманыңның 6 негізіне амал етуді тек қана бір Аллаға ұнау үшін, бір Алла сені үнемі көріп тұрғандай жасамасаң, бәрі де бос әурешілік болып қалады.

Иә, Алла сенің істеріңнен ғана емес, ойларыңнан, сезімдеріңнен хабардар. Ол ерніңнің қыбырлағанын да, иненің жасуындай-ақ кіп-кішкентай жәндіктің жыбырлағанын да біледі. Алла, тіпті, құмырсқалардың да аяқ сыбдырын естиді, көзге көрінбейтін ең әлсіз тіршілік иелерін де көреді.

     Ихсан ілімінің адам баласына беретін пайдасы зор. Кімнің жүрегінде осы ихсан сенімі орнықса, адам баласы дүние және әһіретте үлкен жетістікке қол жеткізбек. Осыдан 14 ғасырдай уақыт бұрын болған  оқиғаға қараңыз.  «Бірде Омар ибн әл-Хаттаб бір қойшыны сынау үшін: «Бір қойыңды маған сатсаңшы» - дейді. Қойшы: «Сата алмаймын, мен жай ғана құлмын, бұл қойлар маған тиесілі емес, қожайынымдікі» деп жауап береді. Омар оған: «Ал сен қожайыныңа қойды қасқыр жеп кетті деп айтса сал» дейді. Сонда қойшы: «Жоқ, қожайынымды алдай алсам да, Алла көріп тұр ғой, Оны алдай алмаймын», - деп жауап береді. Мұны естіген Омар әлгі қойшыны құлдықтан азат етіп: «Сені бұл дүниедегі құлдықтан осы сөз азат етті, Ақыретте де Алланың азабынан осы сөзің азат етеді деп үміттенемін», - дейді. (әз-Зәһәби, «Тамаша адамдардың өмірбаяндары» кітабынан).

Осы секілді тағы бір оқиғаның желісі мынадай:
Бірде ұстаз шәкірттеріне оқып жүрген дәрістерінің нәтижесін білмек болып:
- Балалар, ертең әрқайсысың сабаққа бір тауықты сойып әкелесіңдер. Бірақ бір ғана шарт бар, құстарды ешкімге көрсетпей союларың керек, - деп тапсырма береді. Ертеңінде балалардың барлығы ешкім көрмейтін жерге тығылып сойып алып келеді. Біреуі:
- Ұстаз, мен бәрінің көзінен жасырынып, қораға апарып сойдым, - десе, екіншісі:
- Мен біреу-міреу көріп қоя ма деп қауіптеніп, ауылдан тысқары елдің шетіне апарып сойдым, - дейді. Араларында тек бір шәкірт қана ұстаздың тапсырмасын орындамай келеді. Себебін сұрағанда:
- Ұстаз, мен тапсырмаңызды орындайтын-ақ едім, алайда, Алла көрмейтін бірде-бір жерді таппадым, - деп жауап берген екен.

Демек, ихсан – әрбір әрекетімізді Алла көріп тұрғандай ғибадат жасауға ұмтылу деген сөз.

    Жаратушымыз баршамыздың жүрегімізге ихсан сенімінің нық орнығып, Алланың алдында абыройлы, таза, сүйген құлдарынан болуымызды нәсіп етсін.

Асқарбек ОМАР

Талас ауданы. Қаратау қаласы.

«Әбдібай ата» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: