Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ережеп –Алла тағаланың айы, Шағбан –менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы» - деді.
Ережеп - мағфират айы, адамдардың күнәлары кешірілетін ай. Сол себепті ол Алла тағаланың айы болып есептеледі. Ал Шағбан – шапағат айы, бұл айда бараат кеші, ғибадат түні бар. Сол себепті ол- пайғамбарымыздың айы. Рамазан - тозақтан құтылатын ай, яғни күнәдан тазарып, құлшылық ететін ай. Сол себепті үмбетінің айы болып есептеледі.
Ережеп айында нәпіл ораза ұстаудың сауабы үлкен. Бұл жөнінде пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с.) хадисінде: «Шындығында жәннәтта бір өзен бар. Оны Ережеп деп айтады. Оның суы сүттен ақ балдан тәтті. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады» делінген.
Пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с.) айтты: «Жәбірейіл (ғ.с.) маған уаһи келтіріп айтты. – Иә, Мұхамед (с.ғ.с.) сенің үмбетіңнен болған бес түрлі кісінің жан тапсырар уақыты келсе, Алла тағала: «Бұл менің сүйікті құлдарымның жаның қинамаңдар. Жәннаттың қай есігінен кірем десе , кірсін,» - деп әмір етер. Жәннәт періштелері бұл кісілерге құрмет көрсетіп, «мархаба» деп тұрар және рухтары әнбие - әулиелермен бір болар».
Бұл хадисті естіген хазіреті Омар (р.а. ) шыдамастан орнынан тұрып. «Иә, Расуллла, бұл бес түрлі адамдар кімдер»,- деп сұрады. Сонда пайғамбарымыз: «Ей, Омар, бұл бес түрлі адамның өздері істеп жүрген ғибадаттары бар. Оны істеген адамдар сол қауымнан болады.
- Ережеп айы келгенде күнәларына кешірім тілеп, нәпіл ораза ұстап құлшылық етуші адамдар;
- Алла жолында Отан үшін, дін үшін деп өлген шаһиттер;
- Жұма намазын қалдырмаушылар;
- Насихатшы ғалымдар;
- Алла тағаланың дидарына ғашық болған тақуалар», - деді.
Бұл үш қасиетті айды қадірлеу - күнә жасаудан сақтану, ғибадат, құлшылық ету дегенді білдіреді. Мұны өз дәрежесінде түсіне біліп, оны орындауға тырысқан адамға Алла тағала береке береді.
Әр мұсылман ең болмаса ережеп айында бір күн нәпіл ораза ұстаса,
ғибадат етіп, құлшылық жасаса немесе осы айда бұл дүниеден озса, Алла тағала ол кісінің амал кітабына бір жылға ғибадатының сауабын жазар, -деді.
Ережеп айында көптеген айтулы оқиғалар болды. Ережеп айының бірінші күні Нұһ (ғ.с.) кеме жасады. Жетінші күні Нұһтың (ғ.с.) топан суы басталды. Жиырма жетінші күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғражға көтерілді.
Жиырма тоғызыншы күні хазіреті Омар (р.а.) шаһид болды.
Осы ережеп айының 27-түнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла тағаланың құзырына көтерілді. Сондықтан миғраж, яғни жеті қат көкке көтерілу түні деп аталады.
Осы миғраж түніне пайғамбарымызға (с.ғ.с.):
- « Бақара» сүресінің соңғы екі аяты.
- Аллаға ғибадат етушілер мен Аллаға серік қоспаушылардың жәннәтқа баратындары.
- Барлық мұсылмандарға күніне 50 рет намаз парыз етілгендігі туралы уаһи болды .
Бірақ пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Мұса (ғ.с.) айтты: «Сенің үмбетіңе бұл 50 уақыт намаз ауыр болды. Алла тағаладан женілдетуін өтін». Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла тағалаға бірнеше рет өтініп, 5 уақыт намазға дейін азайтты. Алла тағала: «Ей Мұхаммед, сенің үмбетіңе күніне бес уатыт намазды парыз еттім. Бірақ сауабын кемітпедім. Әрбір намазға 10 намаздың сауабын бердім» - деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көзді ашып-жұмғанша Алла тағаланың Құдіретінен әл-Ақсақалға, одан Меккеге жетті. Бұл уақыт ішінде оның орыныңдағы төсегі суып та үлгермеген еді. Бұл түнде басқада қасиетті түндердегі секілді намазға жығылып, Құран Кәрім оқып, күнәларынызға кешірім тілеп, тәубаға келу керек. Миғраж түніне оқитын нәпіл намаз туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Кімде- кім Ережеп айының жиырма жетінші кешінде алты рәкәт намаз оқыса, әр рәкәтта «Фатиха» сүресіне жеті рет «Ықылас» сүресін қосып оқып, Сәлем беріп, шын ниетімен тілек тілесе, ол кісі орынан тұрмай, тілегі қабыл болады»-деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Аспаннан жепім мың періште таба-табақ нұр алып түсіп, осы түнде ғибадатпен отырған мұсылмандардың үстеріне нұрды төгер»,-деді. Бұл айда міскіндерге қайырымдылық жасап, Алла тағалаға ғибадат ету керек.
13-ақпан ережеп айы басталады.
10/11-наурыз Миғраж түні.
Ғайырфулла қажы ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ
Жамбыл облысы,
Жамбыл ауданының бас имамы