Жұма күнінің қасиетті екенінен барлық мұсылман хабардар. Алла Тағала жексенбіні Исаның (ғ.с.) қауымына, сенбіні Мұсаның (ғ.с.) қауымына, ал жұманы Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметiне мейрам күні етiп бердi. Адамзат тарихындағы ұлық, әрі маңызды оқиғалар жұма күндері болған.
Қасиетті күнде атқарылатын ғибадаттың басқа күндердегіден сауабы мол. Сондықтан, жүрегінде иманы бар мұсылман жұма күннің қадір-қасиетін жақсы біледі, әрі бұл күнді Жаратушы Иеміздің разылығына кенелу үшін Жаратқанның әміріне сай ерекше өткізуге әрекет етеді.
Алла Тағала иманды құлдарына: «Ей, мүминдер! Жұма күнi жұма намазына азан шақырылса, Алланы еске алуға (намазға) асығыңдар да, сауданы тоқтата тұрыңдар. Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы» («Жұма» сүресi, 9-аят),– деп бұйырады.
Жұма күніне, жұма намазына құрмет ретінде көптеген мұсылман елдерінде жұма күні жұма намазы оқылатын уақытта сауда жасауға тыйым салынады. Тіпті, жұма күнін арнайы демалыс күні етіп белгілеген елдер де бар. Кейбір араб халықтарында жұма күнгі сәске уақыты мен жұманың екінті уақытында «кір жуған үйден береке қашып, ырзық-несібесі тарылады» деп сенетіндер бар. Сол сияқты, біздің елде де кір жууды, үй тазалауды жаман ырым ретінде есептейтіндер бар. Алайда, мұндай нанымдардың ешқандай негізі жоқ, ойдан шығарылған ырымдар болып саналады. Керісінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма күні жуынып-шайынуды онымен қоса, үстідегі киімін жуып-тазалауды кеңес еткен.
Тазалық – иманның жартысы. Осы себепті, иманына берік адамдар үйді, ауланы және көшені әрдайым таза ұстауға тырысып, үй тазалап, кір жуу үшін белгілі бір күнді күтпейді. Дінімізде жұма күні үй тазалауға немесе кір жууға тыйым салатындай еш кедергі жоқ. Керісінше, бұл мұсылмандар үшін жалған сенім, ойдан шығарылған ырым-тиым. Өйткені, ислам бізге жұмада тазарып, толық дәрет алып, таза киім кигеннен кейін жұма намазға келуді бұйырады.
Сондықтан жұма күні тырнақтарыңызды алып, қолтық, шап арасындағы түктерден арылып, толық ғұсыл-дәрет құйынып, таза киімдер киіп, хош иістеніп, мешітке жинақы және күлімсіреп, жылы жүзбен келу жағымды іс.
Асыл дініміз жақсылық жасауды кешіктірмеуге бұйырады. Тазалық – бұл кейінге қалдыруға болмайтын және кез келген уақытта жасалатын игі іс. Иә, тазалық – кейінге қалдыруға болмайтын береке. Сондықтан кір жуу, үй тазалау мен жинауды жұма күнімен қоса, кез келген күнде жасауға болады.
Ер адамдар үшін жұма намазы кезінде қандайда бір кәсіппен айналысуға тыйым салынғанына қарамастан, кейбір әйелдер жұма намазын, сол уақытты құрметтеп, жұма намазының уақытына дейін үй жұмыстарын тоқтата тұрады. Дәл осы себепті, жұма күні үй тазалауға, кір жууға болмайтындығы туралы сенім пайда болуы мүмкін.
Сахаба Әус ибн Әустен жеткен бір хадисте Алла елшісі былай дейді: «Кімде-кім жұма күні жуынып және (киімін тазалап) жуып, жұмаға ертерек шықса, (уағыздың не құтбаның) басына үлгеріп, жақын отырып, құлақ салып тыңдаса, оның әр басқан қадамына бір жылдық оразаның және бір жылдық тәһәжжуд намазының сауабы беріледі».
Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) жұма күнін айта отырып: «Онда бір уақыт бар, сол сәтте мұсылман пенде намаз оқып, Алла тағаладан бір нәрсе сұраса, (Алла) оған (сүраған нәрсесін) міндетті түрде береді», – деп, ол (уақыттың) қысқа екеніне қолымен ишара жасаған.
Әбу Сғид әл-Худри (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.у.): «Жұма күні ғұсыл құйыну, тісін тазалау және таба алса иіссу жағу – әрбір балиғатқа жеткенге уәжіп», – деп айтқанына куәлік беремін», – дейді.
Аят қажы ДЫБЫСҰЛЫ
Шу аудандық «Төле би» мешітінің бас имамы