«Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен бас редакторлар басқосуында осындай пікір айтылды. Екі сағатқа созылған келелі кездесуге «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов, «Қазақстан» телеарнасы басқарма төрайымының орынбасары Қайнар Олжай, «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай, «7 арна» төрайымы Бибігүл Жексенбай, «Қазақ радиосының» бас директоры Мақсат Садық, «Мәдениет» телеарнасының бас директоры Аязби Бейсенқұлов, «Халық сөзі» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай, Қазақстан журналистер Одағы төрағасының орынбасары Төлеміс Құлмұхамедов, т.б. БАҚ өкілдері қатысты.
Бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының Бас мүфтимен бейресми кездесуін ұйымдастырған «Бас редакторлар клубы» мен ҚМДБ баспасөз қызметі. Пікір алмасу һәм ойласу отырысын жүргізген – «Бас редакторлар клубының» президенті Кенжеболат Жолдыбай.
Кездесуде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Діни басқарманың сан-салалары жұмыстарын баяндап берді. «Ақпараттық-насихат тобының» халық арасындағы діни ағарту, діни ағымдар жайлы ақпараттандыру істеріне де тоқталды. «Осынау игі жұмыстарда сіздердің де үлестеріңіз мол. Осы қарқынмен ізгі ойларымызды бірлесе жүзеге асырсақ, біз алмайтын асу, бағындырмайтын белес болмайды», – деді ол. Бас мүфти имандылықты насихаттауда баспасөздің рөлі мен маңызын айта келе, БАҚ басшыларын ел игілігіне бірлесе қызмет етуге үндеді.
Кездесу сұрақ-жауап негізінде өтті. Бас мүфти қаламгерлерді толғандырған сұрақтарға жауап берді. Басқосуда бас редакторлар өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов мұсылман әлеміндегі діни ахуалды сөз ете келе, дін тақырыбындағы нәзік мәселелерге байсалды көзқарас қажеттігін тілге тиек етті. Ал, «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай елдегі діни мәселелерге байланысты дер кезінде түсініктеме берудің маңыздылығын алға тартты.
Елдік мұрат сөз болған салиқалы сұхбат барысында Бас мүфти бастамасымен жуырда ғана жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабының таныстырылымы болды. Наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз дін мен дәстүрдің қабысатын тұстарын, әдет-ғұрыптың шариғаттағы орны мен рөлін тәптіштеп түсіндіріп берді.
Жүздесу соңында БАҚ басшылары теларна мен газет беттерінде халықты рухани ағарту, жұртты имандылыққа үндейтін мақалалар мен материалдардың шығуына ықпал етуге уағдаласты.