Кезінде ел аумағында мешіт мұнарасын тұрғызуға үзілді-кесілді қарсы болып, аты шыққан Швейцария халық партиясының бұрынғы мүшесі Стрейчті асыл дінімізге өтеді деп кім ойлаған. Әйтсе де, Алланың құдыретіне шәк келтірмейтін мұсылман бұған таңқалмауы тиіс.
Әскери қызмет атқарған оның Інжілді қолынан тастамайтын, шіркеуге жиі бас сұғатын үлгілі христиан болғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол ол ма, Швейцария аумағында мұсылмандарға қарсы қозғалыс ұйымдастырған белсенді саясаткер де болды. Стрейч ислам дінінің қате пайым мен жаңсақ ұғымға құрылғанына мұсылмандардың көзін жеткізу үшін қасиетті Құран мен асыл дініміз жайлы өзге де әдебиеттерді оқуға кіріседі. Міне, осыдан бастап, оның көкірек көзі ашылып, мұсылмандар емес, өзінің адасып жүргенін аңғарады. Аңғарады да, шаһадат айтып, тілін кәлимаға келтіреді.
«Ислам дінінен өмірлік маңызы бар сауалдардың жауабын таптым. Ал, христиан дінінен іздегенімді таппаған едім»,- деп ағынан ақтарылды ол. Ол қазіргі уақытта мешітке жиі бас сұғатын, бес уақыт намазын қаза қылмайтын діндес бауырларымыздың бірі болды.
Стрейч 2009 жылдың қараша айында өз партиясының мұсылмандарға қарсы жүргізіп отырған науқанын «мыстан аулаудан» өзге дәнеңе еместігін айтып, құрамынан шығып кетеді.
Ел аумағында мешіт мұнарасын тұрғызуға қарсы жүргізілген партия науқанына бұдан ары төзбейтінін де жасырмады.
Осыған байланысты: «Бастама қабылданатын болса, бұл мен үшін үлкен соққы болайын деп тұр. Осы саяси жүйе үшін 30 жылдан аса уақытымды сарп еткен өмірімді неге тәрк еткенімді өзімнен сұрауым керек. Швейцария мұсылмандары қалтарыс-бұлтарыстарда құлшылық етпеуі тиіс»,- деді ол өткеніне өкіне тіл қатып.
Қазіргі уақытта ол Фрайбург кантонында косервативтік демократиялық партия құруға талпынып жүр. Осы жолы Стрейч ел аумағында мешіт мұнарасын тұрғызуға қатысты тыйымның заңмен бекітілгеніне қарамастан бұрынғы қателігін қайталамай, дінаралық татулық пен бейбіт өмірді насихаттауға көшпек.
Ол бұл тыйымға жан-тәнімен қарсы, Швейцарияда күллі Еуропа бойынша сәні мен сәулеті жағынан ешбірін тең көрмейтін мешіт салғысы келеді.
Оның бұрынғы әріптестері ислам дінін қабылдаған Стрейчтің әскери қызметкер болып істегенін еске алып, қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін деп алаңдайды.
muslim.kz