Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан хадис шәріпте былай дейді: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді". Білім алу әрбір мұсылманға парыз болса, оның ішінде дін білімін алу өте маңызды.
Осындай Алла жолында ілім алып жатқан "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің студенттеріне ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзегелдиевтың мұрындық болуымен шәкіртақы тағайындалды.
Оқу ордасындағы үздік 4 шәкірт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы атындағы 1 жылдық шәкіртақыға ие болды. Бүгін колледж ұстаздарының қатысуымен өткен шарада студенттердің алғашқы шәкіртақыларын бас имам өз қолымен табыстады. Білім алудың маңыздылығы, діни білімді алып жүрген адамның руханиятымыздың келбеті, үлгі екенін тілге тиек еткен Бейбіт Әліпбайұлы студенттерге оқуда озат болып, әрдайым биік белестерден көрінулерін тіледі.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі