Уруа (р.а.) былай дейді: «Құрайыштар Алла елшісінің (с.а.с.) Худайбияға баруынан сескенген еді. Сондықтан Пайғамбарымыз оларға сахабаларының біреуін жіберуді көздейді. Осы іске Омарды (р.а.) дұрыс көреді. Омар (р.а.): «Уа, Расулаллаһ! Мен оларға әрдайым лағынет айтып жүрген адаммын. Олардың зорлығына душар болсам, Меккедегі қауымым Кағыбұлдарының ішінде мені қамқорлығына алатын ешкім жоқ. Османды жібер, оның туыстары сонда, сенің айтқандарыңды Меккеліктерге емін-еркін жеткізе алады», – дейді.
Алла расулы (с.а.с.) оларға Османды (р.а.) аттандыруды жөн көреді. Жолға шығарып салып тұрып: «Меккеліктерге біздің соғысу үшін келмегендігімізді, ұмра жасауға келгенімізді айт және оларды Исламға шақыр», – дейді. Сонымен қатар, Меккедегі мүмін ерлер мен әйелдерге барып, оларға жұбату айтуды, жақын арада Алланың дінінің Меккеде үстем болатынын жеткізуді бұйырады. Осман (р.а.) жолға шығады. Меккеге жақын Бәлдах деген жерде Құрайыштармен кездеседі. Құрайыштар оның қайда бет алғанын сұрайды.
Осман (р.а.): «Сендерді құдіреті күшті Аллаһқа сенуге, Ислам дініне шақыру және біреумен соғысу үшін емес, ұмра жасау үшін келгенімізді хабарлау үшін мені Расулаллаһ жіберді», – дейді. Құрайыштар «Айтқандарыңды түсіндік, қалағаныңды жасай бер», – дейді. Әбан ибн Саид ибн әл-Ас хазірет Османға: «Қош келдің!» – дейді де, атын ерттеп, Османды (р.а.) өз қамқорлығына алып, екеуі Меккеге бірге аттанады...».
asyldin.kz