Уахши Хамзаны (р.а.) шейіт еткеннен кейін, Меккеге оралды. Мекке алынғаннан кейін, Таифке қашпақшы болды. Таифтықтардың да Исламды қабылдау үшін Расулаллаһқа бара жатқанын көргенде, барар жер, басар тауының қалмағанын аңғарады. Пайғамбарымыз Уахшиді Исламға шақырып, хабар жібереді.
Уахши: «Уа, Расулаллаһ! Мені қалайша Исламға шақырасың? Аллаһқа серік қосқандар, Алла қадірлі еткен жандарды өлтіргендер, зинақорлық жасағандар күнәларының азабын шегеді. Қияметте, сол бір ұлы есепке тартылу күні олардың жазалары еселеніп, мәңгі азап пен масқаралыққа тап болады. Мен осының бәрін жасадым. Менің әлі де мәңгілік азаптан құтылар мүмкіндігім бар ма?» – дейді. Осыған орай, Алла мына аятты түсіреді: «Алайда кері қайтып, иман келтіргендер, жақсы және дұрыс іс істегендер осы айтылғандардан тысқары болады. Алла олардың жамандықтарын жақсылыққа, күнәларын сауапқа айналдырады. Өйткені Алла кешірімді, мейірімді» («Фұрқан», 25/70).
Сонда Уахши: «Әй, Мұхаммед! Иман келтіріп, ізгілік істеу менің қолымнан келе қояр ма екен? Менің бұған көзім жетіңкіремейді», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз оған мына аятты жібереді: «Бір нәрсе ақиқат: Алла өзіне серік қосқанды кешірмейді, одан басқа барлық күнәларды кешіреді» («Ниса», 4/48). Уахши: «Уа, Мұхаммед! Бұл туралы сен не дейсің? Кешіру Алланың еркіне байланысты. Мені кешіре ме, кешірмей ме, білмеймін», – дейді.
Сонда мына аят түседі: «Ей, нәби! Сен мынаны насихатта: «Ей, көп күнә істеп, өздеріне қиянат жасауда алдына жан салмаған құлдарым! Алланың рақымдылығынан үміт үзбеңдер. Аллаһ қаласа, барлық күнәларды кешіреді. Өйткені Ол асқан кешірімді әрі тым рақымды».
Уахши өзі күткен жауабын алған еді. Бірден тәубаға келді. Осыны білген кейбіреулер: «Уа, Алланың елшісі! Біз де Уахшидің жасағандарын жасаған едік. Бізді де кешіре ме?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Иә, тәубаға келсеңдер, барлығыңды да кешіреді», – дейді.
asyldin.kz