АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктеріне қарасты Дубай билігі шаһарды үш жылдың ішінде, яғни 2016 жылға дейін жаһандық ислам экономикасының орталығына айналдыруға күш салатынын жеткізді.
Muslim.kz сайтының жазуынша, өз алдына бір мемлекет болып отырған қала көлік коммуникациясы мен транзиттік сауданың, сондай-ақ, қаржы операциялары бойынша жаһандық орталық ретінде өзін танытып үлгерді. Ендігі жерде, бұл жетістікке тоқмейілсіп қалмай, қарқынды түрде дамып келе жатқан ислам экономикасының орталығына айналдыруды көздейді.
Осыған байланысты қабылданған мәлімдемеде айтылғандай, шариғат талаптарына сай тауар өндіру мен қызмет көрсетудің жаһандық мөлшері 8 трлн. долларға жеткен. Әлем мұсылмандарының ұзын-саны 1,6 млрд адамды құрайды. Ал, сыртқы сауда мөлшері 4 трлн. долларға бағаланып отыр.
«Ислам экономикасының маңызы соңғы жылдардағы елеулі табыспен өлшенбейді. Алдағы уақыттағы өсімімен анықталады. Ислам экономикасының өсу қарқыны жылына 10-15 пайызды құрауы мүмкін», - делінген Дубай билігінің ресми мәлімдемесінде.
Ислам экономикасы дамуы үшін ең алдымен тиісті заңдар қабылданып, арнайы реттеп отыратын әрі үйлестіретін құзырлы орган құрылуы қажет.