АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - Сирия тұрғыны қасиетті Құранның толық мәтінін өз қолымен кестелеп шықты. Нағыз өнер туындысына айналған оның бұл еңбегі Гиннес рекордтар кітабына «Панноға жіппен кестеленген алғашқы кітап» ретінде енетін болды, деп жазады muslim.kz.
Мұхаммед Харди - Алеппо қаласының тұрғыны. Панноға қасиетті Құранның толық мәтінін түсіру үшін 12 жылын сарп еткен.
«Бала кезімнен Құран мәтінін кестелеуді армандадым. Кестелеудің барлық қыр-сырын үйренгеннен кейін арманымды жүзеге асыруға кірістім. Алдымен жекелеген аяттарды кестеледім. Артынан «әл-Уақиға» сүресін», - дейді ол.
Ол бұл жұмысын 2000 жылы бастаған екен. Әрбір тері мұқабаға 2.5 жүзден орналастырды. Парақ ұзынынан - 80 см, ал ені - 60 см. Мұндай мұқабаның салмағы - 15 келі.
«Барлық Құран мәтінін кестелеуге 8 жылым кетті. Біз алтын жіп пен қара барқытты пайдаландық. Содан үш бірдей имам екі жыл бойы кітаптың дұрыс-бұрыстығын тексерді. Сыртқы мұқабасын безендіруге тағы екі жыл кетті», - деді ол жұмыс барысынан хабар беріп.
Қазан айының 10-ы күні оның бұл еңбегі Дубайдағы көрмеге қойылады. Содан соң, өзгеше өнер туындысы Сирияға, Ливанға, Катарға, Кувейтке, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Түркияға жөнелтіледі.
Автор: Руслан Ғаббасов