Құранның жазылуы

Құранның жазылуы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүкіл адамзатқа Алла Тағаланың Ұлық аманаты һәм баға жетпес сыйы болып табылатын Құран Кәрім - Ислам дінінің бірінші және бірегей кітабы. Аспан әлемдері мен жер бетіндегі адамзаттың арасындағы дәнекері. Жоғарыда Құран 23 жыл ішінде түрлі оқиғалар, сұрақтар мен қажеттіліктерге сәйкес түсіп отырды дедік.

Хазіреті Пайғамбарымыз дүниеден қайтқанға дейін Құран аяттары түсіп отырғандықтан оның бір кітап болып жинақталу мүмкіндігі болмады. Себебі, сүренің аяқталғанын немесе аяқталмағандығын Пайғамбарымыздың өзі де білмеді. Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) Алла Тағаладан келген уахиді өзінің уахи жазушыларына айтып, бірден қаламға алдыратын. Түскен аяттардың қай сүреге тиесілі екендігін де айтып беретін (Дегенмен Құранның Хазіреті Пайғамбарымыздың кезінде кітапқа жинақталмауының өзіндік себебі бар). Хазіреті Пайғамбарымыздың уахи хатшыларының қатарынан: Хазіреті Зәйд ибн Сабит, Муаз ибн Жәбәл, Убей ибн Қағб, Әбу Зәйд, Әду Дарда, Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Али ибн Әбу Тәліб және Хазіреті Осман секілді сахабаларды ерекше атап өтуге болады. Хазіреті Пайғамбарымызға әр жылы рамазан айында Жәбірейл келіп, сол уақытқа дейін Құраннан түсіргендерін бастан аяқ қайталап хатым еттіретін. Ал сахабалар болса жаңа түскен аяттарды яки толықтай сүрелерді тез жазып, әрі сол ізін суытпай жаттап алатын.

Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) дүниеден өткен соң кейбір сахабалар Құранды кітап ретінде топтастыру қажеттігін сезініп, өз беттерінше аяттарды жинақтауға көшеді. Мысалы, бұл тұрғыда Хазіреті Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Убей ибн Қағб, Хазіреті Әлидің жинақтаған нұсқаларын айтуға болады. Алайда бұл нұсқалар қазіргі Құран тәртібінің реттілігімен құрылмаған болатын. Хазіреті Әбу Бәкір 632 жылы халифа болған кезінде кейбір араб тайпалары халифаға бағынбау әрекеттеріне көшеді.

Мұнымен қоса, дәл сол кезде төрт бірдей жалған пайғамбарлар шығып, олармен кішігірім соғыстар жүрді. Осы соғыстардың ішіндегі ең ауыр шайқас жалған пайғамбар Мусәйлиматул Каззабпен болған Ямама шайқасы еді. Міне, осы шайқаста 70 қари шәхит болғандықтан шайқастан кейін Хазіреті Омарды Құран мәселесі қатты мазалайды. Өйткені бір шайқаста 70 қари шәхит болса, мұнан соң да қаншама қақтығыстар болуы әбден мүмкін еді. Ал солардың әрбірінде қарилар осылай шәхит бола берсе, Құранның келешек халі қандай болмақ?

Бұл жерде ашығын айту керек, Құранның да алдыңғы үмметтердің кітаптары секілді бұзылу мен ұмытылуға жетелер белгілі бір дәрежеде қаупі болды. Хазіреті Омар бұл мәселені Хазіреті Әбу Бәкірге жеткізеді. Бірақ, Хазіреті Әбу Бәкір Хазіреті Пайғамбардың өзінің мұндай іске бармағандығын айтып, Құранды жинақтау ісіне бірден келісе қоймайды. Хазіреті Омар болса, бұл істің жақсылықтан басқа әкелер пайдасының болмайтындығына ант ішіп, түсіндіреді де, Әбу Бәкірді бұл іске көндіреді. Осы келіссөздердің нәтижесінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) уахи хатшысы, ақылды, алғыр қари Зәйд ибн Сабитке Құранды жинақтау жұмысы тапсырылады. Зәйд ибн Сабит бастаған алқа мүшелері Құранды жинақтауға көшеді. Сол кезде Құран аяттары негізінен құрма жапырақтарына, тастарға, маталарға, сүйектерге жазылған еді. Хазіреті Зәйд ибн Сабит Құран аяттарын жинақтауда сахабаларға мынадай шарт қойды:

1. Құран аяттары тек жаттап алған, яғни ауызша үлгіде ғана емес, сонымен бірге жазбаша парақшаларын да қоса алып келу және салыстыру.

2. Уахиден жазып алынған парақшаларды дәл Хазіреті Пайғамбардың құзырында жазып алғанын көрген екі куәгер болуы тиіс. Басқалай жағдайда аяттардың ол түрлері қабылданбайды. Осындай қатаң талаптармен жиналған Құран аяттары бір кітап күйіне келтіріліп, халифа Хазіреті Әбу Бәкірдің өзіне тапсырылады. Бұл жинақтау жұмысы Хазіреті Пайғамбарымыз дүниеден озғаннан кейін, араға алты ай салып барып іске асқан болатын. Хазіреті Әбу Бәкір қайтыс болмай тұрып, қолындағы алғашқы Құранды Хазіреті Омарға тапсырады.

Хазіреті Омар көзі тірісінде өзінен кейінгі халифаны көре алмағандықтан өз қызы әрі Пайғамбарымыздың жұбайы Хазіреті Хафса анамызға тапсырып кетеді. Хазіреті Омардан кейін халифа болып Хазіреті Осман тағайындалғаны мәлім. Хазіреті Османның халифалық кезінде ислам діні кеңінен қанат жайып, көптеген елді мекендер мен тұтастай бір аймақтар Ислам дінін қабылдап жатты. Асылында, Құран жеті қырағатпен (диалект – ләхжә) түскендіктен қари сахабалар жаңадан мұсылман болғандарға Құранды түрлі қырағатпен үйретіп жатты. Нәтижесінде сахабалардың әр аймақта қоныстанғандығының себебінен, жер‑жерде үйретіліп, Иман негіздері 223 оқылып жатқан Құран аяттарының қырағаттары да әр түрлі болды. Тіпті, әр мұсылман тек өзінің үйренген әдісін ғана дұрыс деп, өзге әдісті қате деп санауға көшті138. Хазіреті Осман тұсында Азербайжан мен Арменияны алу мақсатындағы жорықта осындай түсініспеушілік туды. Ирактан келген сарбаздар мен Сириядан келген сарбаздар арасында Құранды дұрыс оқу мәселесіне байланысты үлкен ши шықты. Бұл жасақтың қолбасшысы Хазіреті Хузайфа ибн әл-Яман мәселені одан әрі өршітіп алмауды көздеп халифаға: «Әй, муминдердің әміршісі! Бұл үммет яһудилер мен христиандардың өз кітаптарына қатысты талас шығарғаны іспетті, бұлар да аят қырағаттары үшін қырқысып кетпей тұрғанда мәселені біржақты етіңіз», - дейді. Бұл Хазіреті Османның халифалығының екінші, һижраның 25 жылы болатын. Хазіреті Осман Хазіреті Хафса анамызға хабар жолдап, қолындағы Құранды сұратады.

Анамызға Құранды бірнеше нұсқа етіп көбейткен соң, түпнұсқасын қайтарып беретіндігін де айтып білдіреді. Онан соң Хазіреті Осман Құранды көбейту ісі мен оны бір ғана қырағатпен (диалектпен) яғни Құрайыш диалектісімен ғана жазуды төрт сахабаға тапсырады, олар: Зәйд ибн Сабит, Абдуллаһ ибн Зубайр, Сайд ибн Ас және Абдуррахман ибн Харис ибн Хишам атты сахабалар еді. Алқа төрағасы етіп Зәйд ибн Сәбитті сайлайды. Оларға Құран Құрайыш диалектісімен түскендіктен Құрайыш тілімен ғана жазылып, көбейтілу керек екені шегелеп тапсырылады. Хазіреті Осман үш құрайштық сахабаға: «Егер де сіздер Құранмен байланысты бір мәселеде Зәйдпен келісе алмай қалсаңыздар, оны Құрайш тілімен жазыңыздар. Өйткені Құран Құрайыш тілімен түскен»,- деді. Құрылған алқа мүшелері қажетті нұсқаларды жазып біткен соң, Хазіреті Осман өзге Құран аяттары жазылған нұсқаларды, парақшаларды біржола жағып жіберу қажет деп әмір етеді. Әрине, бұл шешім – кейінірек тууы әбден ықтимал негізсіз мәселелердің алдын алу мақсұтындағы сақтық әрекет еді. Көбейтілген Құран нұсқалары Куфа, Басра, Шам, Мекке, Мадина қалаларына жіберіледі.

Келесі бір риуаятта Йемен мен Бахрейн қалаларына да бір‑бір нұсқадан жіберілген деседі. Түпнұсқаның өзі әдепкі уәде бойынша Хазіреті Хафса анамызға қайтарылып беріледі. Хазіреті Хафса қайтыс болғаннан кейін, сол кездегі Мадина әкімі Маруан ибн Хәкәм бұл түпнұсқа Құранды Хафсаның інісі Абдуллаһ ибн Омардан сұратады. Ол кісі (Абдуллаһ ибн Омар) сұраушының сөзін екі етпестен, Құранды дереу Маруанға бергізеді. Ал Маруан болса, ол Құранды жақтырып жібереді142. Міне, Құранның жазылу ерекшелігіне қатысты біз білетін қысқаша тарихы осылай болып келеді. Бүгінде әлемнің түкпір‑түкпірінде оқылып, қолданылып жүрген Құран – Хазіреті Османның жинақтап, жаздырған Құраны. Сондай-ақ сүрелердің орналасуы да сол кездегі тәртіппен жазылған.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: