Діннен хабары бар, байсалды әрі дінді таза ұстанатын, сенімі берік және оны іс жүзінде амалға асыратын, жомарт, жағдайы жақсы, асырауға шамасы келетін, күшті, көрікті, жас, тақуа, сондай-ақ әйелімен жақсы қарым-қатынаста бола алатын, алған әйелін ұнатса сыйлайтын, ал ұнатпаса қорламайтын және зұлымдық жасамайтын адам ғана күйеу болуға әбден лайық. Оған мына хадистерді келтіруге болады:
1. Әбу Һурайрадан (р.анһ.) риуаят етілген хадисте Алланың елшісі: «Егер сендерге мінез-құлқы мен діні өздеріңе ұнайтын бір кісі келсе, онда үйлендіріңдер (қыздарыңды беріңдер). Олай істемесеңдер жер бетінде бүлік және ірі арсыздық болады»,-дейді.
2. Әбу Хатим әл-Музани жеткізген хадисте Алланың елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Егер сендерге мінез-құлқы мен діні өздеріңді қанағаттандырған бір кісі келсе, оны үйлендіріңдер (қыздарыңды беріңдер). Олай істемесеңдер жер бетінде бүлік және үлкен арсыздық (басқа риуаятында «ірі арсыздық») болады»,- дейді. (Сахабалар): «Егер онда (кейбір кемшіліктер) болса ше?»-дегенде, Алланың елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм) үш қайтара: «Егер сендерге мінез-құлқы мен діні өздеріңді қанағаттандырған бір кісі келсе оны үйлендіріңдер (қыздарыңды беріңдер)»- деп айтқан.
3. Әбу Бәкір қызы Асма: «Неке құлдықтың бір түрі. Сол үшін әркім өзінің кімге құл болайын деп жатқанына қарасын»,-дейді.
4. Ибн Омар (р.анһ.) және Әбу Һурайра (р.анһ.) Алла елшісінің (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Егер бір қауымның құрметті әйелі саған тұрмысқа шықса, оны құрметтей біл»,- деп айтқанын риуаят етеді.
asyldin.kz