Шу аудандық "Төле би" мешітінің бас имамы Аят қажы Дыбысұлының ұйымдастыруымен, ауданда тұратын жағдайы төмен 30 отбасыға қайырымдылық шарасы жасалды.
Атап айтатын болсақ, екі жаһан сардары Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеге келген Мәуліт айының құрметіне, аудан имамы Аят қажы Дыбысұлы, өңірде тұратын кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен 30 отбасыға күнделікті тұтынатын қажетті 1 қап пияз, 10 кг ұн, 5 кг қант, 3 лт сұйық май, 5 кг макарон, 1 қорап шай және 8 қап көмірден үлестірді. Аталмыш үйлердің есігін қағып, қап толы азықты табыстаған дін мамандары Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірі жайында қысқаша сыр шертіп, тұрғындардың баталарын алып қайтты. Жалпы қайырымдылыққа жұмысалған қаражат - 400.000 теңгені құрады.
Шара соңында мешіт асханасында дастархан жайылып, мешіт қызметкерлерімен Мәуліт шәріп оқылды.
Аудан имамы Аят қажы Дыбысұлы осындай игі іс-шара алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді.
Талғат Кәрібайұлы
Шу аудандық Төле би мешітінің баспасөз қызметі