Әкенің әлсіз болуына не себеп?

Әкенің әлсіз болуына не себеп?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Осыдан бірнеше күн бұрын Түркістан облысында жаға ұстатарлық жағдай орын алды. Әлеуметтік желіде ер адамның баласын аяусыз ұрып жатқан видеосы тарап кеткен еді. Осы жағдайға байланысты қоғамда әртүрлі пікір қалыптасты. Соның ақ пен қарасын психолог мамандар ажыратып, себебіне үңіліп көрген болатын.

Психолог Ғалияш Махашева отбасындағы ата-ананың қатыгездігі материалдық жағдайға байланысты емес дейді. Себебі, өте бай, ауқатты отбасыларда да балаларын аса қатыгездікпен ұратындар кездеседі. Көбінесе психикалық қалыптың тұрақсыздығынан туындайды екен.

– Мұның басқа да мыңдаған себебі болуы мүмкін. Мүмкін ол бала кезде өзі таяқ жеген шығар. Сол себепті «біз де таяқ жеп өстік, онда тұрған ештеңе жоқ» деп ойлауы мүмкін. Қаталдық арқылы өзімді тыңдата аламын деп есептейді, – дейді Ғалияш Махашева.

«Кім мейірім көрсетпесе, мейірім көрмейді…»

Исламтанушы Абдусамат Қасымның айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) балаларын ұрмаған. Оларды махаббатпен, даналықпен тәрбиелеген екен.

– Ол балаларына мейірімін төгіп, сүйіспеншілігін көрсететін. Бір кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әл-Ақраъ ибн Хабис әт-Тәмими есімді бір кісімен отырғанда немересі Хасанды сүйеді. Сонда қасындағы әл-Ақраъ: «Менің он балам бар. Бірде-біреуін сүйген емеспін», – дейді. Пайғамбарымыз оған қарайды да: «Кім мейірім көрсетпесе, мейірім көрмейді» деп айтқан, – дейді исламтанушы.

Психолог, психоаналитик Зүбайда Кененбаева әке тәрбиесін алған ер бала қажырлы, ер мінезді болып өседі, ал әкесін үлгі тұтқан қыз бала өзінің ертеңгі өмірлік серігі болатын жолдасын таңдауда қателіктерге ұрынбайды дейді.

– Отбасындағы әкенің рөлі ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әке балаға жолдас әрі сырлас болу керек. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен ақылдасады.

 

Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше. Халқымызда «Бір бала бар әкеге жете туар, бір бала бар атадан өте туар, бір бала бар атадан кері кете туар» деген дана сөз бар. Ал дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өседі, – дейді Зүбайда ханым.

Өзіне сенімсіздіктен баласына қол көтереді…

Ғалияш Махашеваның сөзінше, кейбір әйел не еркек ішіндегі өмірге деген реніш, өкінішін баласына көрсетеді. Олар бала кезінен бастап өзіне сенімсіз болып өскен адамдар.

– Түркістандағы қатыгез әкені уақытша қамады. Одан ештеңе өзгермейді. Дегенмен, полиция қызметкерлері үшін де бұл таңсық жағдай емес. Бұл туралы ақпарат таралып кеткеннен кейін ол кісіге қысым болуы мүмкін. Оған бір аптаға, ең көп дегенде 10 күнге сабақ болар.

 

Менің ойымша, бұл еркек те бала кезінде таяқ жеп өскен шығар. Өзінің ыза, кегін баласынан алып тұр. Бірінші кезекте, оның әйелінің өз-өзін бағалауы өте төмен. Адамның «самооценкасы» төмен болған кезде бостандықта жүрсе де бостандығынан айырылып қалады. Онымен қоса, не өзін қорғай алмайды, не ішінен шыққан балаларын қорғай алмайды, – дейді психолог маман.

Оның айтуынша, мұндай адамдар өздерінің қорқақтығынан кейбір адамдарға құрбан болады және оған аянышты күйге түскен ұнайтын болады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Шымкентте көпбалалыларға көмек көрсетілді

Психологқа баратындардың көбі – ер адамдар

«Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қорының директоры Берік Рақышев психолог, уролог, гинеколог, дермотовенеролог және заңгер мамандар аудандарды аралап, ақысыз қабылдаулар өткізуді дәстүрге айналдырғанын жеткізді.

– Осы арада айта кетерлік бір жайт, өңірлерге іссапармен барған психолог мамандарға көрініп, ақыл-кеңес сұрайтындардың көбі – ер адамдар. Өзіне қол жұмсап, суицидке баратындардың да басым көпшілігі ер адамдар екендігін атап өткен артық болмас. Осы жайлар ер азаматтардың тез күйзеліске түсуіне, психологиялық тұрғыда жаһандық саясатқа дайын болмауына негізінен гендерлік тепе-теңдіктің мағынасы мен мәні бұрмаланып, ер азаматтың отбасының иесі екендігін сезіне алмауы себепкер болып отырғанын көрсетеді, – дейді Берік Рақышев.

Психолог мамандар жақын адамдарына қатыгездік көрсеткен адам өмірде сабырлы, жуас болуы мүмкін дейді. Себебі таныстарының көбі мұндай жағдай орын алғаннан кейін «жақсы, момын адам еді» деп сипаттап жатады.

– Шын мәнінде олар сыртта жуас көрініп, көп нәрсеге үндемейді. Осылайша, ызаны ішке жинап әкеледі де, өзінің еркін ортасында шығарады. Өзіне кім бағынышты? Бала әкеге де, анаға да бағынышты. Олар өмірге солай жаратылып келеді. Олар комплекстегі адамдар. Өздерін жақсы жасыра алады. Олар өздерінің кемшілігін жасыруға тырысады, – деді Ғалияш Махашева.

Әке рөлін қайта қалыптастыру үшін не істеу керек?

Психоаналитик Зүбайда Кененбаева күйеуі мен әйелі отбасындағы өздерінің рөлін анықтап алатын болса, үйде үйлесімділік пен тұрақтылық орнайды дейді. Ол отбасында əкенің беделін арттыру үшін қарапайым қағидаларды ұстануға кеңес береді. Оның айтуынша, қоғамның құрылуы әкелерден басталатындықтан, әкелер қоғамдағы өз орындарын дұрыс иеленулері қажет.

Жоғарыда көрсеткен мәселелерді шешудің бірнеше жолы бар:

  • Біріншіден, отбасы мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу қажет.
  • Екіншіден, қоғамдағы ерлердің рөлін әке ретінде де, азамат ретінде де БАҚ, кино арқылы арттыру керек.
  • Үшіншіден, бала бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда әкенің рөлі жоғары екенін насихаттау арқылы әкелер мектебін қалыптастыру қажет.

«Балалық шақ – ханның тағы» демекші, бар махаббат пен жылулықты балаға беру керек. Себебі, оның болашақ өмірі соған тікелей тиесілі болмақ.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

kazislam.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: