Құран және заманауи ғылым

Құран және заманауи ғылым

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні Меккеде туып, уақыт өте ұлғайып шар-тарапқа жайыла бастаған кезде басқа мемлекет пен елдердің мәдениетімен танысу мүмкіндігі туды.  Өркениетпен танысу барысында мұсылмандар жаңа білім мен мағлұмат жинады. Бұл ескі Юнан, Иран, Үндістан және Мысыр мәдениеттері еді. Мұсылмандар ескі Юнаннан Философия, Астрономия, Медицинаны, Ирандықтардан әдебиет, Тарих және Музыканы, Үндістаннан үнді Медицинасы мен Математиканы, ал Мысырлықтардан болса Химия ғылымын үйренді. Бұл мәдениеттермен танысу Һижри жыл санағының бірінші ғасырында, Әмәуилер дәуірінде басталған болатын.

Құран Кәрімнің осы ғылымдар мен табиғат құбылыстарын ашықтайтын аяттарын осы ғылымдарға сүйеніп тәпсір жасау Аббасилер дәуірінде басталды. Осы әрекеттерден бұрын жер жүзі, аспан, жұлдыздар, жаңбыр, бұлт және найзағай сияқты құбылыстар айтылған аяттарды Ислам ғалымдары сырт көрінісіне қарай ашықтап, тәпсірлейтін еді. Имам Ғазали сынды Ислам ғалымдары мағынасы терең Құран Кәрімнің бір аятының өзінің алпыс мыңдай мағынаны білдіретіндігін айтады. Құранның терең мағынасын тек қана Алланың сүйікті құлдары түсіне алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла кімге жақсылық беруді қаласа оны дінде терең түсінік иесі қылады»[1] деп бұйырады. Мысал ретінде дінде терең түсінік иесі болған Хазіреті Алидің сөзін келтірсек болады. Хазіреті Али (р.а.) жеті аяттан тұратын Фатиха сүресі туралы:

 «Егер қаласам, тек қана Фатиха сүресінің тәпсірі үшін жетпіс түйеге жүк болатын кітап жазар едім» дейді. Алла кімді дінде терең түсінік иесі қылса оған ең үлкен нығмет берілгендігін осыдан-ақ түсіне аламыз.

Имам Ғазали «Джәуәһирул-Құрән» атты кітабында,  «Күн мен Ай есеппен жүреді»[2], «Әрі айды да құрманың (қураған) ескі бұтағындай болып қайтқанға дейін жайларымен (туу, қайту фазаларымен) мөлшерледік»[3], «Ай тұтылғанда, һәм күн мен ай бірге жиналғанда»[4], «Әлде сен Алланың түнді күндізге кіргізгендігін, күндізді түнге кіргізетіндігін және күн мен айды бағындырғандығын көрмедіңбе?...»[5] деген аяттары атап айтқаннан кейін, бұлардың барлығы жалғыз Алланың құдіретінде және күн мен айдың нәзік бір есеппен айналуы, ай мен күннің тұтылуы, түн менен күндіздің қалай пайда болғандығын аспан әлемі құбылысын зерттейтін Астрономия ғылымын терең меңгерген кісілер ғана түсіне алады дейді.

Ұлы ғалымдар қатарынан саналатын Фахреддин Разиде жердің домалақ болғандығына сенген. Бұл көзқарасын Кәһф сүресіндегі: «Ақыры, күннің батысына жеткенде, оның қара батпақты бұлақта (сол тұста) бататындығын көрді»[6] мағынасындағы аятты тәпсірлеген кезінде былай дейді: «Жердің домалақ екендігі осы аяттағы дәлелмен дәлелденді. Ал аспан болса жерді айнала қоршап тұр. Күннің жер жүзінен есе-есе үлкендігін айта кеткеніміз жөн болар. Олай болса жерден есе-есе үлкен болған күннің жер бетіндегі жердің балшықтарынан біріне батуы ақылға сыймайтын іс». Жоғарыда біз Құранның Астрономия ғылымымен байланысын атап айтып өттік. Басқа ғылымдар және кәсіптерге байланысы болған төмендегі аяттарды:

«Жәннат жапырақтарын жинап ұятты жерлерін жабуға кірісті»[7] деген аятты тігіншілікпен,

«Біздің көз алдымызда уахиымыз бойынша кеме жаса»[8] мағынасындағы аятты ағаш ұсталығымен,

«Һәм мықтап тоқығаннан кейін тоқымасын қайта тарқатқан (ақымақ) әйел сияқты болмаңдар»[9] мағынасындағы аятты жіп тоқу қол өнерімен,

«Алладан басқаны дос қылғандардың мысалы, өзіне үй жасаған өрімекшінің жағдайы сияқты»[10] деген аятты тоқу өнері және текстилмен,

«Еккен нәрселеріңді көрмейсіңдерме»[11] аятын егіншілікпен,

«Соғыс үшін қолдарыңнан келген мөлшерде күш дайындаңдар»[12] аятын соғыс өнерімен тығыз байланыстыра аламыз.  

Құран Кәрімнің қойған негіз және қағидаларының қай ғасыр болса да заманға сай ашықтала білуі оның ең үлкен мұғжизаларынан бірі екендігін айта кеткен жөн! Осы себепті әр ғасырдың білім адамдары, Құран аяттарын өз заманына сай түрде жорамалдай білген. Бұл жағдай, Құранның замануи бір кітап екендігіне және әр дәуірдің барлық жеке тұлғаларына үн қаға алатын күш-қуатта екендігінің дәлелі. Алла тағала Құран Кәрімде: «Расында Құранды біз түсірдік және оны әрине біз қорғаймыз» [13] дейді. Құранның қорғаушысы әлемдердің жаратушысы болған Алла тағала болғандығы үшін оның аяты түгіл бір әрпі де өзгермеген күйінде қияметке дейін сақталатындығына еш күман жоқ!

А.Егізбаев

«Кеңесхан қажы» мешітінің наиб имамы


[1] Бұхари 71, Муслим 1037

[2]  Рахман сүресі 5-аят

[3] Ясин сүресі 39-аят

[4] Қиямет сүресі 8,9-аяттар

[5] Лұқман сүресі 29-аят

[6] Кәһф сүресі 86-аят

[7] Ағраф сүресі 22-аят

[8] Һуд сүресі 37-аят

[9] Наһл сүресі 92-аят

[10] Анкабут сүресі 41-аят

[11] Уақиға сүресі 63-аят

[12] Әнфал сүресі 60-аят

[13] Һижр сүресі 9-аят

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (3)

Оқи отырыңыз: