Пайғамбарымыздың (ﷺ) барлық құпияларын білген сахаба

Пайғамбарымыздың (ﷺ) барлық құпияларын білген сахаба

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыздың (ﷺ) Хузайфа ибн Хисл (р.а.) есімді ең жақын сахабасы болған. Алла Елшісі (ﷺ) оған қатты сенгендігі сондай екіжүзділер туралы құпиялармен бөлісіп отырған. Хузейфа ибн Хисл (р.а.) Мединеде дүниеге келген. Оның әкесі кезінде Меккеден Мединеге қоныс аударып, Әбд әл-Ашхар руымен келісімге отырған болатын. Осы келісім себепті оған «Яман» (серт, келісім) деген лақап ат берілген, ал Хузейфті (р.а.) Ибн Яман деп атап кеткен. Ал оның анасы Рабаб бинт Ка'бке келер болсақ, ол Әбд әл-Ашхар руынан және Пайғамбарымыз (ﷺ) Мединеге қоныс аударғанда әйелдерден бірінші болып Алла Елшісіне (ﷺ) сенім білдірген болатын.

Хузейфа (р.а.) әкесімен бірге Бәдір шайқасына дейін ислам дінін қабылдаған. Бәдір соғысының алдында Пайғамбарымыздың (ﷺ) жасағына қосылу үшін жолға шыққан әке мен баласын пұтқа табынушылар ұстап алып, Пайғамбарымыздың (ﷺ) қол астында шайқаспаймыз деген уәдесін алған соң ғана босатып жіберген. Хузейфа (р.а.) болған жайтты Пайғамбарымызға (ﷺ) айтып береді, сонда Алла Елшісі (ﷺ) берген уәделеріңді бұзбай, шайқасқа қатыспауларына бұйырады.

Алайда кейінгі ұрыстардың бәрінде Хузейфаның (р.а.) қатысқандығы келтірілген. Ұхуд шайқасында кейбір мұсылмандар беттерін орамалмен байлап жүрген екен. Солардың қатарында Хузейфаның (р.а.) әкесі де болған, сахабалардың бірі оны жау деп санап, байқаусызда өлтіріп алады. Хузейфа (р.а.) әкесінің қазасына қатты қайғырады, алайда Пайғамбарымыз (ﷺ) әкесін өлтіргеннен өтем ақы алуды ұсынғанда Хузейфа (р.а.) ақшадан бас тартып, мұқтаж жандарға таратуды бұйырған екен. Халиф Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) Хузейфаны (р.а.) Сад ибн Әбу Уаккаспен жауланып алынған Мәдаин қаласының уәлиі етіп тағайындаған. Хузейфа (р.а.) өзін тәжірибелі әрі дана билеуші ретінде көрсете білген. Ислам әскерінің бас қолбасшысы Нуман ибн Мукаррин қайтыс болғанда Хузейфа (р.а.) қолбасшылықты өз қолына алып, жаудың әскерін тізе бүктірген. Сол қаланың басшысы Хузейфпен келісімге келіп, мұсылмандарға алым-салық төлеп тұруға келіседі.

Ұлы сахабалардың бірі Хузейфа ибн Яман (р.а.) Осман ибн Аффан (р.а.) қайтыс болған соң қырық күннен кейін әрі Әли ибн Әбу Тәліпке (р.а.) ант бергеннен кейін Мәдаин қаласында қайтыс болған. Оның артында қалған төрт ұлы мен бір қызы – әкесінің өсиеті бойынша жаңа халифке ант берген. Оның екі ұлы Сафуан мен Саид Сиффин шайқасында Әлидің (р.а.) жағында соғысып, сол шайқаста қаза тапқан. Хузейфа ибн Яманның (р.а.) басты ерекшелігі – Пайғамбармызға (ﷺ) жақын болуы әрі Алла Елшісінің (ﷺ) құпияларын сақтауында.

Хузейфа (р.а.) екіжүзділердің аттарын білетін, алайда Пайғамбарымыздың (ﷺ) құпияларын тіпті сахабаларға да тіс жарып айтпаған. Бірде Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) одан: «Менің қасымдағылардың ішінде екіжүзділер бар ма?» - деп сұрағанда Хузейфа (р.а.): «Біреу бар, бірақ мен оның атын саған айта алмаймын», - деп жауап берген екен. Алайда данышпан халиф дәл сол екіжүздіні өзінің қасынан аулақтатқан.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) екіжүзділердің аттарын айтпауында да бір даналық болған – ол (ﷺ) бүлік шығып, мұсылмандардың ыдырап кетуін қаламаған. Біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабаларына (р.а) Алла разы болсын әрі Жұмақта бізді олардың серігі етсін! Әмин!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: