Жамбыл ауданына қарасты 3 ауылдық мешіттің асханасы өз жұмысын бастады.
Кеше ғана хабарлаған қуанышты жаңалыққа тағы 2 асхананың қолданысқа берілуі қосылып, тұрғындарды шат-шадыман етті.
Бас имам жөндеуден өткен Жасөркен ауылы "Тұрыс" мешіті, Бесағаш ауылы, "Бесағаш" ауылдық мешіттерінің хал-ахуалын көріп, асхананың ашылу салтанатына қатысты.
Мешіт асханасы тұрғындарға құдайы тамақ, ас, ауызашар беру, хатым бағыштау, құран оқыту, ет тарату сынды шараларда аса қажет. Жамағаттың аталған ғұрыптарды орындау барысында мешіт имамдарымен бірге, ресми ғимаратта болғаны кез келген істі шариғат талаптарына сай, қателіксіз өткізуге мүмкіндік береді.
Айтулы шараларға дін мамандары мен тұрғындар қатысты. Асхана лентасын ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев қиды. Жаңа бой көтерген ғимараттарда алғашқы дастархан жайылып, құран оқылды. Ауыл ақсақалдары бата беріп, Алладан береке сұрады.
Бас имам сонымен қатар ауыл мешіттерін аралап, Қызылқайнар ауылы "Бесеу ата" мешітіне де соқты. Аталған ғимаратқа "Хазрет Сұлтан" мешінен алынған кілемдер төселген. Бейбіт қажы іші-сыртын, дәретханасын аралап, жөндеу жұмыстарына баға берді. Айта кетейік, бұл мешітке жаңа дәретхана салынғалы жатыр.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі