Аллаһтың әмірімен жіберілген осы желдің әсерінен мүміндер түгел өліп, жер бетінде тек кәпірлер ғана қалады. Мүміндердің дүниеден кетуімен жер бетінде Аллаһтың зікірі тоқтайды.
Ән-Наууас ибн Самған (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «...Аллаһ жағымды жел жібергенде, қолтықтарының астынан ұстап, әрбір мүмін мен әрбір мұсылманның жанын алады. Сөйтіп, жаман адамдар қалады. Олар жер бетінде өзара есектер сияқты қатынас жасайтын болады. Қиямет соларға келеді», – деген.
Абдуллаһ ибн Амр (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «...Сосын Аллаһ Шам тарапынан салқын жел жібереді. Жер бетінде жүрегінде шаңның тозаңындай жақсылық немесе иманы бар бірде-бір адамды қалдырмай жанын алады. Тіпті біреулерің таудың ішіне кіріп кетсе де, артынан кіріп жанын алады», – деген.
asyldin.kz