Кәпірдің үш сұрағына – мұсылманша бір жауап

Кәпірдің үш сұрағына – мұсылманша бір жауап

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір күні ант атқан бір кәпір иманды әрі ақылды мұсылман қарияға келеді. Екеуі көрші еді. Қасында өзі сияқты Құдайға сенбейтін бір топ кәпір бар еді. Ол әлгі иманды қарияға: “Саған тура үш сұрақ қоямыз. Бірақ жауаптары өте қиын. Көрейік, жауап бере алар ма екенсің?” – дейді. “Сұраңдар, көрейік!” – дейді қария. Кәпір былайша сөз бастады:

“Бірінші сұрағым: “Құдай бар” – дейді, бірақ көрген де, көрсете алған да ешкім жоқ. Сондықтан мен “жоқ” – деймін. Қалай ойлайсың?

“Екінші сұрағым: “Тозақта шайтан жанады” – дейді. Ал шайтанның өзі оттан жаралған. Сонда от отты қалай жағады?

“Үшінші сұрағым: ” Адамның бар тағдыры алдын-ала маңдайына жазылған” – делінеді. Олай болса, адам істеген ісі үшін неге жауап беруге тиіс?”.

Кәпірдің осындай сұрақтарынан кейін қария ойланыңқырап барып былай деді: “Сол үш сұрағыңа беретін бір ғана жауабым – мынау” – деді де, жерден үлкен кесек топырақ алды да, қос қолдап көтеріп тұрып, кәпірдің басынан бір-ақ ұрды. Кәпірдің басы айналып, тәлтіректеп құлауға шақ қалды. Мең-зең басын ұстап, ауырсынып тұрып қалды. Көпшілік түгел таң қалды.

Бұл қандай жауап болғаны? Ал кәпір болса, мұсылман қарияның үстінен шағым айтуға қазыға келді. Әрине, куәлері де қасында еді. Сот басталды. Қазы қариядан сұрады: “Неге мынаның басын дәу кесекпен ұрдың? Өзінің айтуына қарағанда, басы әлі ауырып тұр екен?”.

“Ия, қазы мырза, оның басынан кесекпен ұрдым. Өйткені, оның үш сұрағына қайтарған бір ғана жауабым еді. Қалай десеңіз: бірінші сұрағына жауабым: ол қазір басының ауыратынын айтып отыр. Оның ауырып отырғанына мен сенбеймін. Өйткені, оның басында жара жоқ, қан жоқ. Жарақатын көрсетпесе, қалай сенемін? Бұның өзі айтып отыр, Құдай көрінбесе, оған қалай сенем деп?! Сондықтан мұның ауруын біздің де көзіміз көріп отырған жоқ, сондықтан мұның кесектен басы ауырып отырғанына, құрметті қазы, сіз де сенбеңіз.

Екінші жауабым да осыған байланысты: Адамның тегі – топырақ. От отқа күймейтін болғандықтан, мен лақтырған кесек те топырақтан жаратылған адамға зақым келтірмеуі тиіс қой. Үшінші сұрағына былай жауап бердім: Басына күндердің күнінде кесек топырақ тиетіні пешенесіне жазылған екен. Ендеше мұның өзі соған бола неге сотқа келіп шағымданады?”.

Қазы кәпірге қарады да: “Мұның бәріне сен не дейсің?” – деп сұрады. Кәпір былай деді: “Көршімнің айтқандарының бәрі дұрыс және орынды да, мен енді Алланың бар екеніне сенемін. Кейбір нәрселерді біздің мына көзімізбен көруге болмайды екен. Өйткені, біздің көзіміз барлық нәрсені көретіндей етіп жаралмаған екен. Қарияның басқа айтқандары да дұрыс. Енді мен де мұсылман боламын” – депті.

Ол сөзінде тұрып, көп кешікпей мүминге айналып, көршісімен тату-тәтті тұруға тырысты.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: