ҚАРАҚШЫНЫ ЖЕҢГЕН БАЛА

ҚАРАҚШЫНЫ ЖЕҢГЕН БАЛА

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Иманның жартысы жақсы мінез:

Жақсы мінездің жартысы – жақсы сөз. Яғни, рухымыздың тазалығы – аузымыздан шыққан сөзіміздің жақсы-жаманынан білінеді. Сондықтан, біз бала жастан тілімізді тәрбиелеуге міндеттіміз. Аузымызға енетін тамақтың тазалығына қалай көңіл бөлсек, аузымыздан шығатын сөзге де солай көңіл бөлгеніміз жөн. Ол үшін, Ислам дініндегі мына қағидаларды білуге, орындауға тиіспіз.

Әуелі, айтатын сөзді жақсылап ойлап алып, сосын асықпай анық сөйлеу. Сонан кейінгілері:

Біреудің көңілін қалдыратын, ренжітетін сөз айтпау;
Әңгімелесіп отырған кезде басқалардың сөзін бөлмеу;
Өзінен үлкен адамдардың алдында дауыс көтеріп сөйлемеу;
Өз құрбыларының жанында бет пішінін құбылтып, қолын сермеп, білгішсініп сөйлемеу;
Біреудің сыртынан жамандап, келемеждеп сөз айтпау;
Басқалардың сөзінен кемшілік іздемеу;
Көпшілік ішінде пайдасыз мылжың сөз айтпау;
Біреуді бетіне асыра мақтамау;
Қандай ашу қысқан кезде де жаман сөз айтпау;
Біреуді сендіру үшін құр сөзбен ант-су ішпеу;
Досының сырын басқаға әшкерелемеу;

Міне, бұл – тілді тәрбиелеудің негіздері. Ал, осылардың барлығының негіздері – тек шындығын айтатын тура сөзді болу. Осыған қатысты бір қызықты хикаяны еске сала кетейік. Бағдат шаһарынан Мәдинеге оқу іздеп шыққан 8 жасар ұлына анасы: 

«Қандай қиын жағдай болса да шындығыңды айтып жүр!» деген, өсиет айтыпты. Содан соң қырық дирхам күміс ақшаны шапанының өңіріне жасырып тігіп беріпті. Жолда бала ерген керуенді қарақшылар түгел тонап алады. Адамдарды тінтіп, қалталарын және де сыпырып алады. Баланың денесінен түк таппайды.

«Сенде ештеңе жоқ па?» деп, сұрайды. Ұл шапанның өңірінде қырық дирхам ақша бар екендігін айтады. Расында, сөккен өңірінен сонша ақша жерге төгіледі. Мұны көрген қарақшылар:

«Ақмақ бала айтпасаң таппайтын едік қой!» деп, қарқылдап күлісіп мазақ қылады. Бірақ, қарақшылардың басшысы тәубаға келіп: «Бұл ақымақ емес, біз ақымақ» деп, бүкіл тонаған дүниелерін керуеншілерге қайтарады.

Өздері сол арады қарақшылығын тастап, адал еңбек табатын жолға түсіпті. Ал, әлгі шыншыл бала кейін әйгілі әулие ғұламаға айналып, ислам әлемінде аты қалған.

Бұл – асылында анасының аманат сөзіне адал болғаны үшін, Алла Тағаланың балаға жасаған сыйлығы еді.

Бұзық жолдағы қарақшылар болса, бір сәтте әулиелікке жеткен пәк баланың нұрынан көкірек көздері ашылып, жүректеріне иман ұялап адамшылыққа келген.

Солай балалар, ең әдемі сөз – жүректен шыққан шын сөз екен.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: