Эмпатия – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұмытылған сүннеті

Эмпатия – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұмытылған сүннеті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 

«Расында сендерге іштеріңнен ардақты бір Пайғамбар келді. Оған, қиналуларың ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүміндерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді». («Тәубе» сүресі, 128-аят)

Эмпатия ( лат. empatheіa ) – өзге адамдардың жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеттілігі. Эмпатия адам бойында жиі кездесетін, өзіндік мән-мағынасы бар ерекше сезім. Оның айқын көрінісі – өзге адамдардың қайғы-қасіреті мен қиыншылықтарына ортақтасып, оларға жанашырлық білдіру, сол арқылы өзгенің ауыр психикалық жай-күйін өз басынан кешіргендей халге түсуі [1].

Эмпатияны алғаш рет АҚШ психологы Э.Титченер (1867–1927ж.) зерттеді. Ол философиядағы «ұнату» сезімінің теориялық негіздеріне сүйене отырып, жанашырлық сезімнің салыстыру мен ұқсату тәсілдерімен түсіндірілетін танымдық негіздерін ашып көрсетті. Сол арқылы адамның күйзеліске түсу себептерін ғылыми тұрғыда жүйелеп шықты. Cезімнің адам бойында жиі кездесетін, өзіндік мән-мағынасы бар ерекшелігі. Эмпатия адамның өзгелер қайғы қасіреті жағдайлар мен қиыншылықтарға ұшырағанда, оларға жанашырлық білдіріп, солардың ауыр халінің өз басына түскендей көңіл күйде болуы. Эмпатия өзге адамдардың жан дүниесінің сыры мен күй-жайын білу қабілеттілігі және оған жанашырлық білдіру. Эмпатия айқын көрінісі — идентификация. Яғни, адамның өзге адамның психикалық жай-күйін өз басынан кешіргеңдей халде болуы. Мамандар бұл құбылысты «перспективалық ойлау» деп те атайды.

Мұның мысалы  ретінде мұғалім өз оқушысының тест барысында жауап табуға тырысып жатқанын көріп, ол үшін қаншалықты қиын екенін сезінуін, анасы баласының құлап, жарақаттанғанын көргенде баласының денесіне,  ағзасына ол қатты соққы болғанын  өзінен өткізіп сезінуін жатқызуға болады. 
Бізге дәл Мұхаммед пайғамбырымыз (с.ғ.с.) жанашырлық танытқандай ешкім жанашырлық танытқан емес. Жаратушының Өзі Құран Кәрімде пайғамбарының (с.ғ.с.) қаншалықты мейірімді екендігі және оның (с.ғ.с.) өз үмметі үшін, тіпті Хақты, Ол жіберген дінді, пайғамбарлықты мойындамайтындар туралы қалай уайымдайтыны туралы баяндайды.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мейірімділік, қайырымдылық, жанашырлық тұрғысынан адамзаттың көшбасшысы бола білген жан. Жылаған бала көрсе, онымен қосыла жылауға бар жұмсақ жүректі хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) аналардың көңілін мұң шалғанын қаламайтын. Оның қаншалықты мейірімді болғанын Әбу Хұрайра (р.а.) жеткізген мына бір хадистен көреміз. Пайғамбарымыз: «Мен намазды ұзақ оқығым келеді. Сондай кездері кейде баланың жылаған даусын естісем, (жамағатта тұрған) анасы уайымдап қалмасын деп намазды тез аяқтауға тырысам» деген.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанашырлық дәрежесін көрсететін тағы бір тағылымды оқиға бар. Исламның жауы атанған Әбу Жәһил  Бәдір  шайқасында қаза табады. Оның баласы Икрима бұл қайғылы хабарды естігенде қатты қайғырды. Мұхаммед пайғамбармен (с.ғ.с.) кездесуді қалап, Меккеге аттанды. Икрима Меккеге кірер кезде Алла Елшісі өзінің парасаттылығы мен мейірімділігімен сахабаларына «Әбу Жәһилдің баласы Икрима мүмин және муһажир ретінде келе жатыр. Әкесін жамандамаңыздар. Өйткені марқұмды жамандау өліге емес, тіріге зиянын тигізеді» деді. Икримаға сол сөздер қаншалықты ауыр тиетінін жұмсақ жүрегімен сезінген Алла Елшісінің бұл әрекеті де жанашырлығының бір көрінісі еді. 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  екі адамның  үшіншісінің  алдында сыбырласып сөйлеуіне тиым салуы да оның жанашырлық сипаты еді. Үшінші адамға бұл әрекеттің қаншалықты ауыр болатынын сезген ол бұндай істен аулақ болуға шақырды. 
 
Пайғамбар (с.ғ.с.) балалар мен олардың әңгімелерін мұқият тыңдайтын. Ол (с.ғ.с.) әйелдеріне үлкен құрметпен қарайтын және олардың күнделікті үй шаруларына көмек беретін.
 

Жер мек көктің мақтанышы, адамдардың сұлтаны болған ардақты Пайғамбарымыздың бұндай өнегелі әрекеттері өте көп. Оған тарих куә. Айта берсек, Алла елшісінің (с.ғ.с.) мейірімділігі, жұмсақтығы, жанашарлығы, сүйіспеншілігі  жайлы сөздер таусылар емес. Осыншалықты мейірімді бір Пайғамбардың (с.ғ.с.) үмметі болған біздер шын бақыттымыз.  

Жанашырлық жүректен шығып, жүректе қалады. Өкінішке орай, қазіргі уақытта Пайғамбарымыздың бұл сүннеті ұмытылып бара жатқаны жасырын емес.  

Өзіңізде эмпатияны қалай дамытуға болады?
 
1. Тыңдаңыз. Біреу сізге бірдеңе айтқан кезде мұқият тыңдаңыз, эмоцияларыңызбен бөлісіңіз.
 
2. Бейтарап болыңыз. Адамды сөгу – оны тыңдаудан қашу. Адамдарды сөкпеңіз, орынсыз кінә артпауға тырыспаңыз, оларға моральдық қолдау көрсетіңіз.
 
3. Түсіну. Басқаларға мұқият болыңыз, олардың қазіргі жағдайын түсінуге тырысыңыз.
 
4. Өзіңізді сол адамның орнына қойыңыз. Бұл оның эмоциясын сезінуге және жақсы түсінуге көмектеседі.
 
5. «Эмпатикалық реакция» психологтар кеңес беретін бірден бір реакция. Бұл сіз сол мәселені шеше алмайтын болсаңыз да, басқа адамдарға адекватты реакцияңыз.
 
Дегенмен, адамдарға шамадан тыс эмпатия көрсету өзіңізге зиянды болуы мүмкін екенін де ескеріңіз.  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамдардан бұрын Мейірімді Жаратушының разылығын көздеуді  бұйырғанын ұмытпаған абзал.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том

Аят АЛМАХАНОВ

Шу ауданының бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: