ИБРАҺИМ АЛАЙҺИССӘЛӘМ ЖАЙЛЫ СҰРАҒАН ЕДІҢІЗ

ИБРАҺИМ АЛАЙҺИССӘЛӘМ ЖАЙЛЫ СҰРАҒАН ЕДІҢІЗ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

بسم الله الرمن الرحيم

     Хазрет Иса алайһиссәләмнан шамамен екі мың жыл бұрын Вавилон үкіметі өте дамыған ел еді. Экономикалық жағдайы өте жақсы, әскери күші мықты болғандықтан байлығы көп күйде және халқы аман-есен өмір сүріп жатыр еді. Бұл жағдайға ие болған патшаның бойын тәкәппарлық билеп алып, сол елдің ең үлкен ғибадатханасына өз бейнесін үлкен бір мүсін көрінісінде қойдырып, әрбір кісі осы мүсінге сәжде етсін, атағанын оған атасын әрі қажетті нәрселерін одан сұрасын деп бұйырық берді.

   Әлемдердің Ұлы Жаратушысы сол үкіметтің және халықтың тура жолға түсулері үшін хазрет Ибраһим алайһиссәләмді пайғамбар етіп жіберді. Бұл мырзамыздың ата-бабасының шежіресі  (бір риуаятқа қарағанда) тоғыз буын арқылы хазрет Нух алайһиссәләмға жетеді. Хазрет Ибраһим алайһиссәләм адамдарды таухидке (құдайды жалғыз деп білуге) шақырып, серік қосудан тыйа бастады. Патшаға (Намрудқа) таухидқа шақырғаны ұнамады, өйткені оны қабылдаған жағдайда патша құдайлық дәрежеден пенделік дәрежеге түсіп қалушы еді, сол үшін қабылдай алмады.

Хазрет Ибраһим алайһиссәләмнің отбасы (аталары) патшаның айтқанынан шыға алмайтын бір қауым болғандықтан, олар да өз баласына қарсы болды. Ибраһим алайһиссәләм қауымының және үкіметінің қарсылықтарын көріп, отанынан (Вавилоннан) көшуге мәжбүр болды. Жары Сара мен жиені Лут алайһиссәләмды өзімен бірге алып, шет елге (қазіргі Түркияның оңтүстігінде орналасқан Харран қаласына) шығып кетті. Хазрет Ибраһим алайһиссәләм өз өмірінің бір жүйеге түсуі үшін біраз уақыт қой-ешкі бағумен айналысты. Алла Тағала малдарына береке беріп, көбейіп кетті. Біршама уақыттан кейін жаңбыр жаумай, қой-ешкілер жайылып жүрген жайылым құрғақ бір шөлді жерге айналды. Бұл жағдайды көріп, хазрет Ибраһим алайһиссәләм малдарын алып, шүйгінді жерлерге баға-баға, Мысыр өлкесіне жетіп барды. Сол кездері Мысырдың патшасы Вавилоннан келген бір кісі еді. Бұл патша Сараны көріп, «шіркін, өз отанымнан келген бұл әйелді өз некеме алсам ғой» деп армандады. Бірақ Алла Тағала ол кісі Өзінің ұлы бір пайғамбарының адал жұбы екенін патшаға тез арада білдірді. Кейін патша Ибраһим алайһиссәләмді қатты құрметтейтін болды. Мысырдан кетер  кезінде, (бір риуаятқа қарағанда) өз қызы Ажарды жақсы жандардың алдында тәрбие алсын, және өз отандастарымнан бір лайықты адамға берілсін, деп хазрет Ибраһим алайһиссәләмнің қолына тапсырды. Хазрет Ибраһим алайһиссәләм бұл қонақжай патшаның арманын орындап, қызын өз некесіне алды. Алла Тағала хазрет Ибраһим алайһиссәләмнің ең алғаш көрген баласы хазірет Исмағил алайһиссәләмнің сол Ажар анамыздан туылуын қалады. Кейін біраз уақыт өткен соң Сара анамыздан хазірет Исхақ алайһиссәләмды сыйлады. Бұл екі бала пайда болғаннан кейін, Алла Тағала хазрет Ибраһим алайһиссәләмға: бұл екі балаң өте берекелі кісілер болады, бұлардың ұрпақтарынан көптеген үлкен қауымдар пайда болады, көп санды болады деп хабар берді. Уақыты келіп, хазрет Ибраһим алайһиссәләм Құдайдың бұйырығымен отбасының сұранысына сай балаларына жеке-жеке мемлекеттерді бөліп берді. Шам мемлекетін хазрет Исхақ алайһиссәләмға берді, өйткені Шамның шығыс жағы Вавилон еді. Ол жерде хазрет Исхақ алайһиссәләмнің нағашы жұрты бар болғандықтан олармен қарым-қатынас жасау оңай болушы еді. Ал, хазрет Исмағил алайһиссәләмға Арабстанды берді. Өйткені Мысыр Арабстанның батыс жағында орналасқан. Ал, ол жерде хазрет Исмағил алайһиссәләмнің нағашы жұрты бар еді. Олармен сол жерден қарым-қатынас жасау оңай болатын.  Бұл бөлуден кейін бұл екі бауырдың балалары сол дәрежеде көбейді, тіпті араларында бөтен бір тайпа қалмады. Қажеттілік кезінде екі қауымның әрбірі бір-біріне өте оңай жәрдем жеткізе алушы еді.

   Хазрет Ибраһим алайһиссәләм тұңғыш ұлы Исмағил алайһиссәләмді анасымен бірге қазіргі Мекке қаласының орнына әкелді. Сосын ұлымен бірге ол жерге бір мешіт (Кағба) салып, Кұдайдан жалбарынып, бұл шөлді жерге орналасқан ел мен мешіт иелеріне Өзі ризық жеткізуін, дүниенің әр бір жеріндегі нығметтерімен бұл өлкені көркемдеп, бұл жердің тұрғындарының тура жолда болулары үшін өздерінің арасынан ұлы бір пайғамбар шығаруын тілеп дұға жасады.

   Хазрет Исмағил алайһиссәләм арабтардың көптеген уақыт басшысы болып келген өз руы Бәну Журһумның да басшысы Музаз ибн Амрдің қызын өз некесіне алды. Хазрет Исмағил алайһиссәләмнан он екі ұл бала туылды. Бұлардан сол дәрежеде ұрпақ көбейіп, батыс жақтан Мысырға, оңтүстік жақтан Еменге дейін тарап кетті.

   Хазрет Исмағил алайһиссәләмнің екінші ұлы Қайдар өте танымал болды. Бұл кісінің ұрпақтары бабаларының жолы болған таухид сенімін сақтап, Меккеде қалып қойды. Қайдардың ұрпақтарының отыз жетінші (басқа бір риуаятқа қарағанда отыз тоғызыншы) буыны болған Аднан өте ақылды кісі еді. Оның үлкен ұлы Мағадтың інісі Акк Емен патшалығын құрған еді.

  Бұл Аднаннан кейін бұның ұрпақтарына Бәну Журһум тайпасы басым келіп, оларды Меккеден шығарып жіберді. Өз нағашылары болған Бәну Журһум Исмағил ұрпақтарын өздерінің пұттарына құлшылық жасамай, керісінше ата-бабаларының жолы болған таухидта мықты тұрғандары үшін Меккеден шығарып жіберді.

  Кейін Аднанның ұрпағының он бесінші буыны (бір риуаятта он алтыншы буыны делінген) болған Қусай келіп, тағы ардақты Меккеге иелік етті де, Меккеде бір ортақ үкімет құрды. Құсайдан кейін оның ұлы Абдуманаф, шын аты Мұғира еді. Әкесіне орынбасар болды. Одан кейін оның ұлы Һәшим, Һәшимнен кейін оның ұлы Абдулмутталиб және одан кейін оның ұлы Әбу Толиб қауымның (Бәну Һәшим руының) басшысы болып өтті. Хазрет әлемдердің мырзасы Мұхаммед саллаллаһу алайһи уәсәлләм Абдулмутталибқа немере болады. Әкесінің аты Абдулла еді.

Амангелді ЕМБЕРГЕНОВ

Һибатулла Тарази медресесінің ұстазы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: