Рамазанның аяқталуына санаулы күн қалды...

Рамазанның аяқталуына санаулы күн қалды...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Рамазанның аяқталуына 3-4-ақ күн қалды. Бәз біреулердің осы айда алға қойып жоспарлаған істерінің жартысы да жасалмады деп салы суға кетіп жүргені өтірік емес. Алайда қосымша құлшылықтар жасамай, тек ораза ұстап, бес уақыт намазыңызды оқып жүрсеңіз, АллаТағала тарапынан өз сауабыңызды, сыйыңызды аласыз. Рамазан айында оқылған әрбір парыз намаз жай күнде оқылған жетпіс намазға тең. Тіпті сіздің ұйқыңыз да құлшылық болып табылады, өйткені ұйықтау арқылы сіз күш-қуат жинайсыз. Алла Тағалаға құлшылық ету тек Құран оқып, намаз оқумен ғана шектелмейтіндігін ұмытпаңыз. Өз отбасыңызға көңіл бөлу – Алла Тағаланың сүйікті құлшылықтарының бірі.

Көріп отырғанымыздай, Алла Тағаланың ризалығына қол жеткізудің мүмкіндіктері шексіз. Бастысы, ниетіміз дұрыс болып, пиғылымыз таза болсын. Тіпті ішімізден жақсылық жасайық деп ойлаған ниетіміз де Алла тарапынан сауапқа ие болатындығын ұмытпайық. Міне, Алла Тағаланың бізге деген мейірімі қандай десеңізші?! Қасиетті Құранды жарысып не болмаса біреудің мәжбүрлеуімен оқымаңыздар. Құран оқу барысында сіздің жүрегіңіз өзіңізбен болмаса, онда жаныңыз байыз таппайтындығын есіңізде ұстаңыз. Саннан сапа үнемі маңызды. Әрбір пенде өз нәпсісімен өзінше күреседі. Біреуміз таң намазына тұра алмай жүреміз де осы қасиетті Рамазанда таң намазын қаза қылмауды әдетке айналдыруды алдымызға мақсат етіп қоямыз. Кіші-гірім болса да қолжетімді мақсаттарды алға қоюдан ұялмаңыз.

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Аз болса да ұдайы жасалатын амалдарды Алла жақсы көреді» (Бұхари, Мүслим). Өзіңізге мейірімді болыңыз да өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз. Әр адам рухани дамудың түрлі деңгейінде жүретіні мәлім. Алла Бәрін Көруші, Бәрін Білуші! Алла Тағала сіздің күресіңізді біледі, сол себепті ешкімге ештеме түсіндірудің қажеті жоқ. Алла Тағала ұстаған оразамызды, оқыған намаздарымызды, тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етсін. Әмин!

Сыдықова Ақерке

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: