Жамбыл облысының әкімі мешіт имамдарымен кездесу өткізді

Жамбыл облысының әкімі мешіт имамдарымен кездесу өткізді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі мешіт имамдарымен кездесу өткізді. Жиынға басқарма басшылары, қоғам және ардагерлер өкілдері, облыс имамдары, этно-мәдени бірлестік өкілдері және облыстағы теолог-дінтанушы мамандар қатысты. 

Кездесуде имамдардың діни сауаттылығын ұдайы арттырып отырумен қатар іс-тәжірибесін жетілдіру сынды мәселелермен бірге, өңірдегі діни тұрақтылық ахуалы талқыланды. Имамдардың ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дәріптеуі ерекше назарға алынып, қоғамдағы тыныштықтың сақталуы үшін бірлесе жұмыс жасау қажеттілігі айтылды. 

Жиында ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Қанат Жұмағұл діни ахуал мәселесін жіліктеп берді. Имамдардың атқарып жатқан жұмыстары және басқа да өзекті жайттар жөнінде баяндама жасады. Өкіл имам өз сөзінде: "Облыстық мешіттің бас имамы және найб имамдары бастаған арнайы топ Қордай ауданында арнайы іс-сапарда болып, түйіткілді мәселелерді шешуге ат салысып жатыр. Осы бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда:  Сортөбе және Масаншы ауылдардында имамдарға мемлекеттік тілді үйрету қолға алынды. Оған 58 дін қызметкері қатысуда, дәріс аптасына 2 рет: дүйсенбі, бейсенбі күндері өтеді; Дүнген имамдар әскерилер мен полиция қызметкерлерін 3 мезгіл тамақпен және жатын орнымен қамтамасыз етуде;  Қордай мешіттерінің атауы толықтай қазақ тіліне ауыстырылды, тақтайшалар қазақ тілінде жасалып берілді," - деп соңғы уақытта болған жайттарға байланысты тарқатып айтты. Сонымен қатар неке қию мен ЗАКС-ке қатысты өз ұсынысын білдірді. 

Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров облыстағы жалпы діни жағдай және оны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде тілге тиек етті. Өңірдің кей аудандарындағы мамандардың білімінің төмендігі сөз болып, имамдардың білімін жетілдіру жолы ұсынылды. Қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныстар ортаға тасталды. 

Шу ауданы "Кәрібай молда" мешітінің имамы Н.Қалиев:

- Мешітердің коммуналдық шығыны мен салықтық төлемдерін төлеуде кәсіптік бағыттағы тұлғалардан көп қаржы төлейміз. Осы орайда, рухани бағыттағы нысандарға жеңілдетілген түрде коммуналдық шығындар мен салықтық төлемдердің тарифы енгізілсе.

Талас аудандың мешітінің бас имамы Н.Алиев:

-  Мешіт имамдарының білімін арттыру жолында түрлі қиындықтар туындауда. Мысалы, мамандардың көбі отбасылы болғандықтан басқа қалаға барып оқуға мүмкіншілігі және оған қаражаты мен уақыт та бола бермейді. Сол себепті, облыс әкімдігі тарапынан қашықтықтан оқытуға грант бөлінсе.

Меркі ауданы, "Қарабала төре" мешітінің имамы А.Абдразақов:

- Көбіне жалақы мешіттің жәшігіне түсетін қаржыға байланысты. Ол мешіт шығындарына жаратылғанда қызметкерге жете бермейді. Сондықтан имамдардың әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша шаралар жасалса. 

Шара соңында тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасаған облыс әкімі Б.Сапараев тұрғындар арасында сенім мен өзара сыйластықты нығайту бағытында бірқатар іс атқарылғанын, алайда конфессияаралық және этносаралық келісімді одан әрі дамыту экстремизм мен терроризмсіз бейбіт қоғам құру жолындағы маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін алдағы уақытта бірлескен жұмыстар атқару қажеттілігін атап өтті. 

"Батаменен ел көгерер" демекші, осынау алқалы жиында Б.Момышұлы ауылдық Жуалы мешітінің имамы С.Медетбек ел игілігі мен татулығын тілеп бата берді.

Ақерке БЕКҚҰЛОВ,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: