Бүгін Жамбыл облысының орталық құлшылық үйі "Һибатулла Тарази" мешітінде күндердің сұлтаны жұма күні жиналған көпшілікке ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Қанат Жұмағұл уағыз жүргізді. Игі насихаттан соң облыстың дін саласындағы жетістіктері және халыққа көрсетіліп жатқан көмек пен қайырымдылықтар жөнінде бейнеролик көрсетілді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2019 жылды "Ислам және жастар" жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, өңір мешіттері асыл дініміздің құндылықтарын насихаттау жолында көптеген жұмыстар атқарды. Айта кету керек, жылдық қорытынды бойынша Жамбыл облысы Нұр-сұлтан, Алматы қалаларынан кейін 3 орынды иеленіп, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың алғыс хатымен марапатталған болатын.
Облыста жасалған сан түрлі іс-шаралардың біреріне тоқталып өтер болсақ, бұл жылы облыс мешіттерінде 163 балаға хирург мамандардың атсалысуымен "Сүндетке отыр балай" науқанында тегін қызмет көрсетілді. Рамазан айында облыс көлемінде пітір садақасы мен демеушілер есебінен 3967 адамға 49 млн 600 мың теңгеге қайырымдылық жасалды. Ал Құрбан айт мерекесінде 57 ірі қара, 1089 ұсақ мал сойылып, 36 тоннадан аса ет 4140 адамға таратылды. Құрбандықтың қаржылай көлемі 63 млн 60 мың теңгені құрады. Облыс бойынша «Мектепке жол» акциясы аясында 1054 оқушыға 10 377 500 теңгенің мектепке қажетті құралдары табысталды. Сонымен қатар жылдың соңындағы алапат Арыстағы қайғылы жағдайға байланысты өңірдегі барша жамағаттың көмегімен 9 млн 602 мың теңге жөнелтілді. Жалпы облыста 16 087 адамға 153 млн 926 мың 300 теңгеге қайырымдылық жасалды. Аталған көрсеткішке «Зекет» қорының жұмысын қосыңыз.
Азанымен сан жүректі жылытып, бір шаңырақтың асытында намазға ұйытқан өңір мешіттерінің атқарған жұмыстарымен жамағат таныс болсын, Алла үйіне берген садақаның қайда жұмсалғанын біле жүрсін деген ниетпен дайындалған бейнеролик баршаға қуаныш сыйлады. Өйткені, сол жақсылықтардың ішінде сіздің де садақаңыз мұқтаждардың игілігіне жараған болар.
Дін мамандары биылғы жылы бұл көрсеткішті көбейте түсіп, қайырымдылық шараларын одан да жиі ұйымдастыруды көздеп отыр.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.