...Көзін ашып алып жан-жағына алақтап қарай бастады. Қайда жатыр? Не істеп жатыр бұл жерде? Өзіне етене таныс бөлменің ішін көріп жүрегі орнына түсейін деді. Тағыда байқұс апайы сүйреп әкеліп, өз үйіне жатқызып қойған екен ғой. Арағын қоймаған соң әйелі ұлын алып мұны әке-шешесінен қалған үлкен үйге тастап кеткеніне бір жылдың асқан. Оның өзі сияқты арақтың түбіндегі «жындармен» дос болған бөтелкелес «құрдастары» толып жатыр. Саны да, түрі де күнделікті өзгеріп тұратын бұл құрдастардың зияны болмаса еш пайдасы жоқ екенін өзі жақсы білгенмен, мойнына мықтап мініп алған жын оның аяқ-қолын матап босатар емес. «Бөтелкеден айырылсаң құрдымға кеттім дей бер», - деп құлағының құрыш етін жеп ұдайы сыбырлайтын «сыбырлақ жанашыры» бұдан айырылар емес. Әке-шешеден қалған үлкен үйдің аты ғана, төрт қабырғасы, төбесі, едені - шұрық тесік, әйнектері жартылай сынған терезелерінен басқа түгі де қалмаған. Үйдің ішіндегі бұйым, жиһаздардың бәрі араққа айырбасталып кеткелі қай заман? Тек әкесі марқұм қолдан ойып жасаған ағаш есіктер мен үйдің ортасынан үстіңгі қабаттағы мансардаға көтерілетін оюлап әшекейлеп жасалған әдемі ағаш баспалдақтан басқа еш нәрсе қалмаған. Қаңырап бос қалған үйге жылулық, сән беріп тұрған тек осы саты ғана деп ойлап қаласың кейде. Көзі тірісінде әкесі саусағынан бал тамған ағаш шебері болатын. Сондай көрікті үйдің талан-таражы шыққан. Түнімен арақ ішіп, ертесі басы ауырып тұратын оның күнделікті әдетіне айналған. «Болат, а, Болат, тұр. Түскі асқа кел», - деп шақырған апайы Әсияның дауысынан селк ете түсті. Төсектен қалай ырғып тұрғанын өзі де сезбей қалды. Қарсы қабырғада тұрған айнаға көзі түскені сол еді, ар жақтан өзіне тесіле қараған адамның көзқарасынан жүрегі зу ете түсті. Шаш деген аты ғана, төбесіне үйілген торғайдың ұясындағы шөп сияқты кигіз басты, сақалы өскен, көзінің алды көгеріп іскен, жанары сөнген көздерімен біреу тесіле қарап тұр еді. Өңді түрінен сызат та қалмаған. Болат өзін бірінші рет көріп тұрғандай айнадағы бейнесіне қарап көп тұрып қалды. Егер апайы келіп жұмсақ алақанымен оның дудыраған шаштарынан сипамағанда осылай тұра берер ме еді? «Бұрыңғы сұлу жігіт, талай қыздардың арманы болған Болатты көре алмай тұрмысың ба, бауырым?» - деп әзілдеген апайын қалай құшақтап, қалай өкіріп жылап жібергенін өзі де білмей қалды. Болаттың бұл қылығынан қатты сасып қалған апайы оны құшағына қыса түсті. Анасы марқұм өлерінде: «Жалғыз Болатым саған аманат», - деп тапсырған еді Әсияға. Міне сол анасы аманат қылып тапсырған жалғыз бауыры еңкілдеп жылап құшағында тұр.
Бір жылдың ішінде анасынан, одан кейін әкесінен айырылғандары екеулерінің жандарына қатты батып еді. Ата-анасыз қалдым деп қиялданып, Болаттың араққа салынып кеткені де осы себептен еді. Бөтелкемен құрдас болғанының арқасында өзінің сүйікті жұмысынан, қала берді өзі сүйіп, қалап қосылған жары Фатимадан, ұлы Омардан да қалды. Өзі білікті юрист еді. Үлкен бір компанияда білдей юрист болып қызмет ететін. Әзәзіл арақтың соңына түскеннен бастап, біртіндеп бар жиған тергенінен, ең ақырында жанұясынан айырылып тынды. Апайы Әсия, жездесі Ғалым «Бір Алла» деген адамдар. Алла ризалығы үшін ораза тұтып, Жаратушының берген несібесіне шүкіршілік етіп, бес уақыт намаз оқиды. Жездесі банкте жүргізуші болып істесе, апайы қалалық ауруханада бас хирург болып қызмет етеді. Екеулерінің жанұя құрғандарына біраз жылдың жүзі болса да, сәбилері болмай жүр. Сонда да жездесі мен апайы үміттерін үзбей, Алладан бала сұрауларын тоқтатпай құлшылық қылуда. Жалғыз бауырының мүшкіл халін көріп, жаны ашығанымен, Әсияның қолынан келер дәрмен жоқ еді. Сау кезінде «Болды енді арақ дегенді татып аузыма алмаспын» деп ант-су ішетін бауыры, кеш бата жол бойында құлап жатушы еді. Арақтың харам екенін айта-айта шаршаған Әсия бір Аллаға ғана тәуекел етіп, дұға жасаудан бір тынбайтын. Қасиетті Құранымыздың Бақара сүресінде айтылғандай: «(Мұхаммед ғ.с.) расында қарсы болғандарды үгіттесең де үгіттемесең де бәрі бірдей. Олар иман келтірмейді. (6) Алла олардың жүректерін, құлақтарын бітеген, әрі көздерінде перде бар. Сондай-ақ олар үшін зор қинау бар». «Жаратушыға не қиын?» - дейтін Әсия. Бауырымның бітелген жүрегі мен құлағын Алла бір күні Өзі ашар деп ниет қылатын. Жатса-тұрса, арақты қойып, жақсы жолға түсуін Алладан сұрап жүрген бауыры, міне, құшағында жас балаша қорс-қорс етіп жылап тұр. «Кешір, әпке. Кешір мен ақымақты», - деп қайталай береді. Әсия ерні жыбырлап Аллаға шүкір айтып жатты. Көзінен аққан жасты да байқамай қалды. Құшағын жазып, бауырына қарап бар айтқаны: «Алла жар болсын, жалғызым, енді адаспа»! Көз жастарын сүртісіп, ас үйге бармақ болып бұрылғандарында бұларды сырттарынан бақылап тұрған Ғалымды көрді. Ол Болатты үнсіз құшағына қысты. Үшеулері шүйіркелесе отырып шай ішті. Болаттың араққа салынбай тұрған кезінде жақсы автокөлігі болған еді, сол көлікті «Болат сатып жібермесін деп» жездесі өзінің гаражына қойғызып қойған болатын. Үстел басында жездесі көліктің кілтін Болаттың қолына ұстатты. Аңтарылып қалған Болатқа ол: «Ұмыттың ба? Бұл сенің көлігіңнің кілті». Бұған сенер сенбесін білмеген Болаттың көзінен жас парлап ақты. Үсті басын ретке келтіріп алған соң, сол күні-ақ көлігін сатып, одан алған ақшасын үйін жөндеуге жұмсады. Бір ай ішінде үйі де күрделі жөнделістен өтіп дайын болды. Үйінің ішін бәрін жаңалады, тек әкесі марқұмның қолымен жасалған есіктері мен ою-өрнекті әдемі ағаш баспалдақ сатыны еш өзгерісіз қалдырды.
Бұл сатымен көтеріліп ұлы Омардың бөлмесіне баруға болатын етіп жасады. Әкесінің қолынан шыққан сатымен көтеріліп келе жатып, бұл өмірде болып жатқан жайттардың барлығы да Бір Жаратушының қалауымен болатын құбылыс екенін түсінді. Апайы Әсия талай шырылдап арағыңды қойшы дегенде, өтірік уәде беріп, бөтелкесін тастамаған Болаттың арақтан бас тартуы көзді ашып жұмған уақытта орын алды. «Адамнан сұрама, Алладан сұра» деген нақыл сөздің мағынасын енді түсінгендей болды. Өзі түскен түбі жоқ шыңырау құрдымнан көзге көрінбес «сатымен» шығарып алған Жаратушының қалауы екенін жете түсінді. Қалта телефонын алып жездесіне қоңырау шалды да: «Маған құлшылық қылып, намаз оқуды үйретші. Ертең жұма намазға бірге барайық, - деп ниет білдірді.
Өзімізді құрдымға кетіретін де, құрдымнан алып шығатын да – біздің жасап жүрген амалдарымыз. Жұмаққа апарар жақсы амалдарымыз көп болғай. Қаншама қандастарымыз арақтың кесірінен денсаулығынан, жанұясынан, тіпті адамгершілігінен айырылып зардап шегіп жүр. Арақ деген харамнан аулақ болайық, ағайын!
Ақерке Сыдықова