Мұсылманның шынайы белгісі (ВИДЕО (шынайы оқиға))

Мұсылманның шынайы белгісі (ВИДЕО (шынайы оқиға))

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін біз сіздерге өмірде орын алған ғибраты мол оқиға жайында баяндап бергелі отырмыз.

...Өткен ғасырдың 1984 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында XXIII Олимпиада ойындары өткені мәлім.  Міне, дзюдодан ақтық финалға мысырлық Мұхаммед Әли Рашван мен жапондық Иссухира Ямасита белдесуге татамиге шықты. Алдыңғы өткен белдесулерде дзюдошы Ямасита оң аяғының бұлшықеті жыртылуы себепті қатты жарақат алған болатын. Жарақатына қарамастан ол бар салмағын сол аяғына салып, оң аяғын сылтып басып ақтық белдесуде күш сынасады. Сайыс барысында Мұхаммед Әлидің жаттықтырушысы «Оны оң аяғынан шалып түсір! Оң аяғынан соқ!» - деп айғайлап нұсқаулар беріп жатты. Расында да мысырлық дзюдошыға қарсыласы Ямаситаның оң аяғынан шалып түсуі - оны татами үстінде жеңіске жеткізер еді. Осы белдесуді көрген көрермендердің бәрі де мұны анық байқап отырған болатын, алайда Мұхаммед Әли мұндай әрекетке бармады, жеңісті жапондық дзюдошы Ямаситаға сыйлап, өзі күміс жүлде иегері атанды. Ақтық финалдан кейін мысырлық дзюдошыны қоршап алған журналистердің көкейінде тек «Неге? Неліктен оң аяқтан шалып құлатпадыңыз?» деген бір-ақ сұрақ тұрған еді. «Менің асыл дінім жаралы адамды, оның ауырып, қатты жанына батып тұрған жерінен ұруға тыйым салады. Егер мен оның жаралы аяғынан ұрып құлатар болсам, ол жарымжан болып қалар еді. Тіпті алтын медаль үшін де мен мұндай әрекетке бара алмадым», - деп жауап береді мысырлық дзюдошы. Мұхаммед Әлидің қалың журналистерге берген жауабына көпшілік көрермен орындарынан тұрып, ду қол шапалақтап қошемет көрсеткен. Ал «Fair Play» халықаралық комитеті Мұхаммед Әли Рашванға «1984 жылдың спортшысы» атағын берді. Жылдар өте Жапонияға келген мысырлық дзюдошыны жапондықтар патшаны күтіп алғандай сый-қошемет көрсетеді. Оның Олимпиада ойындары кезінде жасаған жақсы амалы дүниежүзінің түкіпір-түкпірінде тұратын адамдарды тәнті етіп, олардың  ислам дінін қабылдап, мұсылман болуына себепші болған еді. Алайда ол күш-жігерін жұмсап ешкімге «Сен мұсылман бол! Сен ислам дінін қабылда!» - деп айтпаған болатын, Мұхаммед Әли Равшан тек шынайы мұсылман бейнесін сақтап әрі оны күллі әлемге таныта білген жан ретінде тарихта мәңгіге өз ізін қалдыра білді. Оған тек шынайы мұсылман кейпін көрсете білуі ғана жеткілікті болып еді.                                       

 Сенімді хадистердің бірінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (ﷺ): «Мұсылман деп кімді айтамыз?» - деп сұрағанда ол (ﷺ): «Мінезі жақсы адамды», - деп қысқа да нұсқа жауап берген екен. «Мінезі жақсы адам дегеніміз кім?» - деп сұрағандарға: «Өз әрекетімен өзгелерге зиянын тигізбей, тек айналасына пайдасын тигізетін адам, яғни мұсылман барлық жағынан да жақсы адам болуы керек. Сондай жақсы бол, тіпті сені өлтіруге келген адам ислам нұрына бөленіп, сенен үлгі алып, жақсы жаққа қарай өзгерсін», - деп жауап берген екен біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ).

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: