Аманатқа қиянат болмас...

Аманатқа қиянат болмас...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күллі жаратылыс атаулыны жаратқан Жаратушы хақ Алла Тағаланың адамзат баласы үшін, адамзат баласының пайдасына жаратсын деп жаратқан дүниелері ұшан-теңіз. Соның бірі және адам баласы үшін ең басты да маңыздысы – Табиғат. Табиғат - аса зор құдірет Иесі Алла Тағаланың асқан бір шеберлікпен, адамзат баласының үш ұйықтаса да түсіне кіріп шықпайтын өлшеусіз ілімінің бір ғанибет туындысы. Адам баласының шыр етіп дүние есігін ашқанынан, жаны шығып, жер қойнына кіргеніне дейінгі уақыты табиғат аясында, табиғат бауырында, қоршаған ортамен тығыз байланыста өтері мәлім.

Құдіреті күшті Алла Тағаланың қалауымен табиғат құлпырып, төрт түрлі – төрт мезгіл болып өзгеріп тұрады. Әр мезгілдің өзіне тән еркшеліктерін тірі жан иесінің тілмен айтып, оймен жеткізе алмас кереметтері мол. Адамзат баласына Алла Тағаланың құдіретін мойындап, таңданудан басқа лажы қалмайды. Бұл төрт мезгілді, күллі адамзат баласы оларсыз өмір сүре алмайтын -  ауа, су, жерден бөлек қарау мүмкін емес, яғни, табиғат туралы сөз қозғағанымызда  – біз жоғарыда айтылған жаратылыстардың бәрін де қамтимыз. Мысалы үшін, қыс мезгілінде жер-дүние ақ көрпеге оранып, табиғат бір ерекше түрге енеді. Жауған қарды қолыңызға алып, зейін салып қарасаңыз оның  өрнектерінің өзі ойлануға тұралықтай бір дүние. Оның ою-өрнегіндей өрнекті Алла Тағаланың жаратқан құлдарының ішіндегі суретшінің суретшісі, шебердің шебері бейнелей алмас еді. Қар еріп, көктем мезгілі келген уақытта, Жаратушының құдіретімен табиғат дүр сілкініп, қар астындағы қалың ұйқысынан оянады. Бұл да бір керемет кез. Қыс бойына қалың қар астында қалған күллі жан иелері тіріліп, өз тірліктеріне көшсе, шөптер көгеріп, ағаштар бүршіктене бастайды. Жылы жақтан ұшып келген құстардың  арқасында құстар саны едәуір көбейеді. Адамзат баласы бір жеңілдеп қалады. Көктемнен соң жарқырап, жайдарлы жаз мезгілі келеді. Табиғат бір көркем бейнеге енеді. Жер-дүние жасыл түске көмкеріліп, Жер бетіне Күн өз қызуын аямай төгетін мезгіл. Жаз айлары аяқталысымен түрлі-түсті түске еніп күз мезгілі келеді. Менің өз ойымша, бұл Алла Тағаланың бір ерекше жаратқан мезгілі. Күз кезінде жапырақтары алуан түрге енетін жалғыз бір талға қарап тұрып-ақ, Жаратушының табиғатты жаратудағы өнерінің куәгері боламыз. Адамзат баласының ойынан тыс ғажайыптар ғой бұл. Күзден кейін қылышын сүйретіп қыс келеді. Міне, осылай, Алла Тағаланың әмірімен төрт мезгіл бірінің соңынан бірі ілесіп, адамзат баласына қызмет етуде. Құдіреті күшті Алла Тағала адам баласын  - Өзіне  құлшылық  қылып, ғибадат етсін деп жаратса, ал қоршаған орта, табиғатты - Өзінің жаратқан пенделеріне  қызмет етіп, пайдасын тигізу үшін жаратқан. Адамзат баласы Алла Тағаланың бізге берген көл-көсір сыйына алғысымызды айтып, шүкіршілік етіп, Алланың тыйым салғандарынан тыйылып, ал бұйырғандарын құлшына істеуіміз қажет. Тек құлшылық қылу арқылы ғана біз өзіміздің Аллаға деген құрмет, мадағымызды көрсете аламыз. Алла Тағаланың бергеніне қанағат қыла білуіміз керек. «Барға – қанағат, жоққа - сабыр» ете  білуіміз қажет. Демек, Алла Тағала күллі адамзат баласын бұл дүниеге Өзін мына жаратылысқа, табиғатқа қарап танысын, білсін, құдіретінің, ілімінің алдында таңғалып, бас исін, құлшылық етсін деп жіберген. Біздің бұл дүниеге келуіміздің басты міндеті де осы емес пе?! Барға – қанағат қыла білу де ғажап қасиет, бірақ бұл адамзат баласының бәрінің бойынан табыла бермейтін қасиет. «Қанағат – қарын тойдырар» деп қазақ бекер айтпаған болар. Қанағат қыла білу – біздің заманымызда екінің бірінің қолынан келе бермес. Асыл да ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) қанағатшыл болған; жоққа – сабыр, барға – қанағат қыла білген сардар жан иесі еді.                              

Алла Тағаланың сондай бір шеберлікпен, сондай бір құдіретпен, тек қана Өзіне тән ілімімен жаратқан жаратылысы – табиғатты адамзат баласының қалай және қандай мақсатта қолдануы – қазіргі таңдағы елеулі мәселелердің бірі. Біздің өмірімізде күнделікті кездесетін жайт – табиғатты бүлдіріп, оны тек қана өз бас пайдасы үшін қолдану қиын дүние емес. Атқамінерлердің өздеріне ұнап қалған жерді тарпа бас салып, орманы болса ағаштарын кесіп, суы болса, суын тартқызып, зәулім-зәулім үйлер немесе бизнес үшін жайлар салып жатқаны өтірік емес. Сол атқамінерлер Алла Тағаланың алдында қолдарының қысқа, мәртебелерінің күл екенін білсе ғой, шіркін! Алла Тағала  күллі жаратылысты адамзат баласының құзырына қызмет ету үшін жаратқанымен де бұл жаратылыс адамзатқа аманат етіп берілген. «Судың да бар сұрауы» демекші Алла Тағаланың аманатына қиянат жасалмас болар. Қасиетті Құранымызда былай айтылған: «Негізінен Алла (Т.) сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді. Расында Алла сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шәксіз Алла, толық естуші, тым қырағы» (4:58).  Қиямет күні Алла Тағаланың жүзіне не бетімізбен қараймыз, ағайын!? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні -  нәпсімізді тыйып, барға қанағат қылуды үйреніп, аманатқа қиянат қылмайық...

 Ақерке Сыдықова

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: