Жамбыл аудандық мәдениет үйінде "Елдік елге байланысты" деп ұрандатқан қоғамдық форум өтті.
Аудан басшылары мен аудан ақсақалдары, ауыл әкімдері, мешіт имамдары, мейрамхана иелері, асабалар мен жастар қатысқан жиында бүгінгі таңдағы өзекті де қадау-қадау мәселелер қамтылып, оның шешімін табар жолдар қарастырылды.
Көпшілік алдында сөз сөйлеген ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл ас мәзірін ретке келтіру, той-томалақтағы ысырапшылдықтың алдын алу тақырыбын қозғады.
Өкіл имам өз сөзінде қазіргі қоғамда орын алып жатқан той жасаудан жарыс, аста-төк ысырап, қаралы үйдегі дастархан жайып, жетісі, қырқы, жылдығы, бейсенбілігі деп шашылып жатқан жағдайларға нақты нүкте қоярлық табанды шешім мен оны іске асыру қажеттілігін сөз етті.
Қасқалдақтың қанынан қымбат уақытта сол ысырап қылған дүниені қайта дұрыс жаққа пайдаланып, жағдайы мүшкіл кісілерге, елдің, дініміздің өркендеуіне жұмсасақ, сауапты да пайдалы болары сөзсіз. Қарымы қуатты саналы ойлар талқыға түскен іс-шарада бір ауыздан шешім қабылданды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі