Отбасы құндылықтарын насихаттаған сайыс өтті

Отбасы құндылықтарын насихаттаған сайыс өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

"Һибатулла Тарази" мешітінде ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен "Отан отбасынан басталады" атты отбасылық сайыс өтті. Әр шаңырақтың өзіндік ұстанымымен, ұлт өкілдерінің салт-дәстүрімен танысу мақсатында жасалған іс-шараға 4 жанұя қатысты. 

Дүбірлі сайыс шарттары бойынша әр қатысушы өз отбасын өлең шумақтарымен таныстыруы керек, отбасына байланысты сонымен қатар салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беруі тиіс. Үшінші тапсырма бойынша әр жанұя ұлттық тағамдарын дайындап, көрсетіп, баяндайды, төртінші, отбасыдағы кішкентай бүлдіршіндер Қасиетті Құран сүрелерін жатқа оқиды, бесінші, мақал-мәтел жарысы. 

5 бөлім бойынша тартысты өткен отбасылық сайыста 1 орынды мешіттің шәкірті әрі ақжаулықты әжесі Райхан апаның шаңырағы иеленді. Барлығы бірдей қазақ ұлттық киімін киіп, ауызбіршілігімен алға шыққан ардақты апаның тобы отбасылық құндылықтардың маңыздылығын насихаттады. Ал 2 орынды дүнген отбасын бастап келген Фарида Камалова алса, 3 орын Жібек апаның шаңырағы мен Ақмарал келіншектің тобына бұйырды. Барлық жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.

Іс-шара соңынан ақ дастархан жайылып, барлық қатысушылар мен көрермендер ас ішіп, бір-бірімен таныса түсті. 

Мешіттің ұлағатты ұстазы, сектор жетекшісі Гүлжан Алдасаева мен "Кеңесхан қажы" мешітінің ұстазы Жібек Қолағұлова сөз сөйлеп, көпшілікке насихат айтты.

Гүлжан Алдасаева өз сөзінде: "Отбасы - адам өміріндегі басты фактор. Оны гүлдендіру, жайқалған бақша жасау - біз әйелдердің қолында. Шариғатымыз отбасыға, ондағы әрбір адамға, олардың әдебі мен құқығына ерекше көңіл бөледі. Тіпті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да исламды насихаттауды өз отбасынан бастаған," - деп атап өтті. 

Мұндай ерекше шара қазіргі қоғам үшін аса қажет. Өйткені осындай жиында өз отбасымызбен бірге әрекет жасай отырып, бір-біріміздің қадірімізді түсінеміз.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: