Білім сайысы өз үздіктерін анықтады

Білім сайысы өз үздіктерін анықтады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

"Һибатулла Тарази" мешітінде жазғы балалар сауат ашу курсының шәкірттері арасында білім сайысы өтті. Білімді мыңды жығар бүлдіршіндердің мешітте алған білімдерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған додаға ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі Қанат Жұмағұл, ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Ал 63 шәкірт білім сынында өнер көрсетті. 

"Жазғы имандылық" атты сайыс 4 номинация бойынша жүргізілді. Атап айтсақ, 1. Жарты пара бойынша Құранды жатқа оқу, 2. 10 сүре бойынша, 3. 40 парыз бен сұрақ-жауап, дұғалар жарысы, 4. кубиктер арқылы сөз құрастыру. 

Барлық тапсырмаларды үздік, бірінен-бірі өтіп орындаған оқушылардың білім додасына өкіл имам Қанат Жұмағұл, мешіт ұстазы Жалғасбай Жұбатқан, медресе ұстазы, қари Әлмұхаммед Егізбаев қазылық етті.

Тартысты өткен білім сайысы ешбір баланы сыйлықсыз қалдырмады. Барлық  қатысушыларға ынталандыру сыйлығы берілсе, жүлделі орын алған балаларға қомақты естелік сыйлықтары сыйланды. Құранға түсіп, оны жаттап жүрген балдырғандарға алғыс хаттар табысталды. Ал топты жарып шығып, алдыңғы қатардан көрінген шәкірттерді атап айтар болсақ, "Сөз құрау" сайысы бойынша 1 орын Кемелбек Темірхан, 2 орын Жасұлан Жәнібек, 3 орыннан Нұрлан Абдульазиз көрінді. "Дұға, 40 парыз, сұрақ-жауап" сайысы бойынша 1 орынды Аталық Бағдат, 2 орынды Ермекбай Фараби, 3 орынды Жеңісбек Айдос қанжығасына байлады. "Құранның 10 сүресі" бойынша 1 орын Құрбанов Сұлтан, 2 орын Атабай Болатбек, 3 орын Қазақбай Ерасылға бұйырды. "Жарты пара" бойынша 1 орын Қожанов Бексұлтан, 2 орын Сатыбалдиев Иляс, 3 орынды Темірбеков Батыр алды.

Облыстық мешіттің бас имамы Қанат Әділханұлы жастарға білім алудың пайдасы, ата-ананы, үлкендерді сыйлау жайлы сүбелі сөз сөйлеп, мәні терең, шәкірттер санасына тоқып алар уағыз айтты. 

Айта кету керек, жаз бойы өткен Құран, әдеп-ахлақ, Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірбаяны пәндері бойынша дәріс жүргізілген болатын. Жазғы курста "Нұр Мүбарак" университетінің түлегі Бақдәулет Мырзабек пен "Һибатулла Тарази" медресесінің шәкірті Алмас Нұрбеков ұстаздық етті. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: