Қазірде ешқандай ғылыми, тарихи дәлелі болмаса да, ата-бабасының батыр, ұлы тұлға болғандығын айтып мақтанатын жандардың қарасы көбейді.
Сосын сол бабасының жерленген жерін тауып алып, орнына зәулім кесене салу, биік ескерткіш тұрғызу сәнге айналды. Бұл қоғамды жік-жікке, ру-руға бөлуге апаратын теріс құбылыс.
Асыл дініміз – Ислам да мұндай келеңсіздіктерді мүлде қолдамайды. Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне күнәға апаратын осындай қылықтардан аса сақ болуға шақырған.
Әбу Мәлік әл-Ашғариден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Үмбетімнің арасындағы төрт нәрсе надандық дәуірінің ісі, бірақ оларды тастамайды: ата-бабамен мақтану, біреудің тегіне тиісу, жұлдыздармен жаңбыр шақыру (соған байланысты деп сену) және дауыс шығарып жоқтау».
Әрбір тайпа, ру өзінің ата-бабасымен мақтанып, өзгеге шекірейе қарайтын болса, қоғам бұзылады. Ата- бабамыз мұндайда «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп ескерткен. Ендеше бүтін халықты тоз-тоз ететін трайбализмнің салдарынан сақтанайық. Алла Елшісінің (с.а.с.) өсиеттерін орындайық.
Жубейр ибн Мутғим (р.а.) жеткізген риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Ұлтшылдыққа, рушылдыққа шақырған адам бізден емес. Ұлтшылдық, рушылдық үшін шайқасқан адам бізден емес. Ұлтшылдық, рушылдық үшін өліп кеткен адам бізден емес», – деп ескерткен.