Биылғы иғтикафтың басталуы 26-шы мамыр болғандықтан 25-ші мамыр ақшамнан бұрын ниет еткен жерге орналасып үлгерген бауырларымыз бар. Раббымыз дұға тілектерін қабыл еткей!
ИҒТИКАФ – дегеніміз жамағатпен намаз өтелетін бір мешітте оразалы күйде нақты ниеттеп қонақтау демек. Қонақтау иғтикафтың іргелі шартынан болып табылады. Әйелдер өз үйіндегі намаз оқитын жерінде күйеуінің сүйеуі арқылы болғаны абзал. Ғалымдарымыз иғтикафтың шарғи екендігіне ижмағ қылған яғни бір ауыздан келіскен. Ең абзал иғтикаф жері Мәсжидул-харам, Мәсжидун-Нәби және Мәсжидул-Ақса одан соң барлық 5 уақыт намаз өтелетін мешіттер. Рамазанның соңғы он күндігінде иғтикафта отыру сүннет кифая болып саналады. Өйткені, Әз елші Мәдинаға қоныс тепкен соң оны ешқашан қалдырмай үздіксіз атқарған мутауәәтир амалы. Оны ешқашан еш тастамауы аса маңыздылығын меңзейді. Осыған орай, бұл Ардақты елшінің қалған бір дара сүннеті деуімізге негіз бар. Өкініштісі, біз осы сүннетті кенжелетіп жүзеге асыру жағын әлі жандандыра қоймадық. Бұлда бір кем дүние, келеңсіз құбылыс...
«Оқшаулану» бұл пайғамбарлардан қалған мирас. Әз елші Хира үңгірінде бастап, Мәдинада қостады. Өзі дүниеден көшкеннен соң, әзиз жарлары жалғастырған болатын. «Оқшаулану» тұлға ретінде қалыптасуға таптырмайтын төте жол. Қазір батыста «Camp» делініп жүр. Ол camp пен иғтикафтың рухани аурасы салыстыруға келмейді. Ешбір мешіт болмаған елде camp жүйесін қолдану мұсылманның парасатына қалған іс. Иғтикафқа ораза қосылғанда тіптен нұр үстіне нұр болмақ. Иғтикаф шын жүрекпен орындалған жағдайда басқа ешбір амал одан тәттірек болмайтынын айтқан емес татқан біледі. Сыртқы әсерлерден жырақ қалу, жанның жайлауы. Жарықта кейде көп дүниеге кәдімгі кедергі болады. Оқшауланудың ерекше түрі ол хижрет. Сардар елші туған қаласы Меккеден Ясриб қаласына құтты көш жасады. Міне бұл бір жағынан қоршаған қолайсыз ортадан оқшауланудың төресі еді. Сол арқылы Қырағы елші, Ясриб қаласының ескі атауын, өмір салтын түп-тұқиясына дейін ауыстырып, мәдениеттің озық үлгісін сомдап «Мәдина» деп түбегейлі ауыстырды. Яғни Мәдинатур-Расул болды. Ол дегеніміз Елшінің мәдениеті деуге саяды. Мекке фатх болғаннан соң хижрет жоқ хадисін еске алыңыз. Сол хижрет оқшаулауының шағын түрі күнәлардан бойды аулақ салу еді. Осыларды ескере отырып Иғтикафтың мәні мен маңызын тағы да түсіне түсеріміз заңдылық. Шағын көп мән бере бермейтін көз, құлақ арқылы тіпті машығымызға айналып үлгерген қате кемшіліктеріміздің қатқан сірісін Иғтикафқа ену арқылы ғана жібітіп жөнге сала аламыз. Оқшаулану арқылы көппен бірге жүрсекте өз болмысымызда қала білуді дағдыға айналдыра аламыз. Оқшаулану қоғамнан бөліну емес, керісінше қоршаған ортада өзіңді жоғалтпау екенін ұмытпаған жөн. Бар өмірін оқшаулану арқылы үмбетке арнап жүрген тұлғалар болған, болуда болады да. Оқшаулану ол көпке төтеп беру үшін «өз»іңмен өзің жеке үндесу һәм тілдесу. Рамазан да он күн отыра алмағандарымыз, жыл бойы ең азы 30 күннен кем емес бөліп-бөліп болсада отырғанымыз өз май өкшемізге жақсы ғой. Иғтикаф сауабы жайлы хадисте:
- «... Кімде-кім Алла разылығы үшін бір күн иғтикаф жасайтын болса, Ұлық Аллаһ ол кісімен тозақ арасында үш ор жаратады, әрбір ордың арасы, шығыс пен батыстың арақашықтығындай ұзақ» деді. (Бәйхақи, Шуғаб, ІІІ, 424-425. Қос.ша қар.з Хәйсами VІІІ, 192). Хадисте ор «хандәк» деп келеді. Ор дегенді үлкен жыра, сай және терең кең шұңқыр деп түсіндіре аламыз. Аса мейірімді Раббымыз иғтикафқа енуші құлды, тозақтан құтқара салумен қоймай арасына үш үлкен ор қазатынын жеткізуде. Ал он күн отырсаңыз араңызда отыз ор болады дегенді түсіне аламыз.
Иғтикафтың шарттары
- Иғтикаф жасаушы жан мұсылман болу керек.
- Ақыл-есі бүтін һәм балиғат жасына толған болу.
- Таза болу.
- Ниет етілген болу.
Иғтикафтың пайдалары
- Сұңғыла елшінің бір сүннетін тірілтесіз.
- Ұмытылған сүннетті тірілткеніңіз үшін 100 шаһиттің сауабына кенелесіз.
- Ғалымдардың ізіне түскен болып табыласыз.
- Құран мен бетпе-бет қаласыз.
- Қыруар сауапқа кенеліп, жан-дүниеңіз бір жарқырайды.
- Қадыр түніне дөп келу мүмкіндігіңіз басым болады.
- Ұйықтап қалсаңыз да Қадыр түнінің сауабын аласыз.
- Қадыр түні күндіз бір дұға, түнде бір дұғаңыз қабыл болатын мүмкіндікке қол жеткізесіз.
- Қадыр түні келетін Жәбірейіл
- Қабір әлеміне бір табан жақындайсыз.
- Мұрнымызға су жетпей қарбалас өмірдің негізгі тыныштығына қауышасыз.
- Бес сезім арқылы елеусіз енетін ақпараттардан сәл бөгелесіз.
- Иғтикафқа кірмеген мұсылмандардың мойынынан сүннет кифаяны түсіресіз.
- Тозақ пен араңызда 30 ауқымды ор болады.
Зікір, шүкір һәм пікірді бір түлетесіз... Раббымыз ізгі һәм игі істерімізді шынайы сүйгізіп, көпке көл-көсір пайдамыз тиетін жандардың қатарынан етуге жазсын!
Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ