Не ояу екенімді, не ұйқыда екенімді, не түсім, не өңім екенін білмеймін, әйтеуір, есту, көру қабілеттерім сөнген, он екі мүшемді сезбеймін. Уақыт өлшемі деген жоқ, жер дүниені түгелдей ақ түнек басқан. Бар білерім - «Мен кіммін?», «Мен қайдамын?» деген сауалға шыбын-жанымның шарқ ұрып жауап іздеуі. Бір мезетте әлдененің ақырын ғана дүрсілдеп соға бастағанын сездім. Сан-қилы ойлар мазалауын тоқтатар емес - туған-туыстарым қайда? Маған Жаратушы Жалғыз Алла туралы, ақирет туралы көп айтатын, Қасиетті Құран сүрелерін жатқа айтып, мағынасын түсіндіретін нағашы апам қайда? Он жасымда «Алладан басқа Құдай жоқ және Мұхаммед оның құлы әрі Елшісі» деп айтқызған да, Алла ризалығы үшін, ораза ұстағанда өзімен бірге сәресіге тұрғызып, күн ұясына батқан кезде ауыз аштырып – оразаға үйреткен де нағашы апам Мәрзия болатын. Санамдағы ойлар сан-саққа жүгіруде. Бір мезетте осыдан 2 жыл бұрын жол апатынан ойламаған жерде қаза болып, артына кәрі анасын, жұбайы мен алты баласын қалдырып, бақилық дүниеге аттанған әкем марқұм түсті есіме. Нағашы апам ылғи айтушы еді: Алланың қалауымен, қайтыс болған жақын туыстар о дүниеде кездеседі деп. «Әке, сені қатты сағындым». Бұл «тілсіз сөздерімді» марқұм әкеме айтып жатсам да мен оны көре де, сезе де алмадым. Көкірегім жасқа толып, үнсіз күрсініп жылағандай болдым, бірақ көзден аққан жасты сезбедім. Менің жанымның қиналғанын көріп Алла Тағаланың мейірімі түскен болар – басынан аяғына дейін аппақ қардай киінген әкем марқұм келді қасыма. Көкірегім ояу жатқанмен де, өзім бір қимыл жасап, бір сөз айта алмадым. Бәрі де «тілсіз сөзбен», «қимылсыз қимылмен» болып жатты. Әкем қолымды ұстағанда бір жылулықты сезгендей болдым. Маңдайымнан ұстап, басымнан сипады. Әкелік аялы алақанның жылуын сезгенмен де әкемді құшағыма қыса алмаған қауқарсыз жатқан түріме ызаланып, екі көзімнен парлап аққан жасқа ерікті бердім. Әкем болса көзімнен аққан жасымды сүртіп, басын еңкейтіп маңдайымнан өпкендей болды. Жүрегімнің түбінен шыққан әкеме деген сағыныш - булыға шыққан күрсініске ұласып, белгісіз бір тылсым күштің бүкіл денемді селк еткізіп, көзімді аштырғаны. Көзімді ашып қалсам аппақ бөлмеде жатыр екенмін. Бағанадан марқұм әкем деп ойлаған адамым – қасыма келіп, жағдайымды біліп, қолымды ұстап жүрек қағысымды көріп, әлі де наркоздан дұрыс оянбаған менің екі көзімнен ағып жатқан жасты сүртіп, басымнан сипап тұрған – ақ халатты хирург ағай екен. Рақымы мол, ерекше мейірімді Алланың құдыретімен бұл дүние есігін қайта ашқан кезім осы еді. Кірпіктерімді қыбырлатып, көзімді әрең ашып, ернімді жыбырлатып, жанымның аман қалғанына құдіреті күшті Аллаға шүкіршілік еттім. Тірі екеніме әбден көзім жеткен соң – қаталап шөлдеп, бір жұтым суға зәру болғанымды білемін. Кеберсіп, тілім-тілім болып кеткен ерніме медбике мақтаны сулап қойды. Сол уақыттағы мақтадан аузыма тамған судың дәмін ұмыта алмаспын. Біртіндеп бұл халге қалай келгенімді есіме түсіре бастадым.
...1989 жыл, жетінші сыныпта оқитын кезім, жаймашуақты қыркүйек айы болатын. Қысқа отын шауып, оны отын қораға жинап жатқан болатынбыз. Әкем қайтыс болған соң үйдің жұмысының бәрін – ағам, мен және інім үшеуміз атқаратынбыз. Екі үлкен апайым қалада оқуда болса, үлкен ағам әскерде болатын. Сол күні нағашы апам бізге қонаққа келе қалды. Мен үшін ол кісінің біздің үйге келуі бір думан болатын. Нағашы апамның дін туралы уағыздарын күндіз ойыннан қалып, түнде кірпік қақпай тыңдауды жаным сүйетін. Ораза, намаз және Пайғамбарымыз (ﷺ) туралы айтатын уағыздарын аузымнан суым құрып тыңдайтынмын. Кешке жақын менің мазам кете бастады, анам оны ағаш тасып шаршағанға балап, ерте жатып ұйықта деп жатқызып тастады. Ертеңінде тұрып сабаққа кеттім. Ішімнің оң жағы ауыра бастады. Басым айналып, жүрегім айнып, құсқым келетін сияқты. Анама айтып едім ол: «Ештеме етпейді, тамақтан ұшынып қалғансың ғой әлде сол баяғы ағаш тасып жүріп терлеп, бір суық, бір ыстықтан жел тиген болар», - деді де қойды. Күн ұясына бата бере нағашы апам далаға алып шығып Қасиетті Құранның сүрелерін айтып, мені сумен үшкіріп-үшкіріп қойды. Ұшықтаған соң өзімді біршама жақсы сезініп қалдым. Содан кейін ыстық-ыстық шай, сорпа ішкізді де қайтадан жатқызып қойды. Ыстығымның қатты көтерілгені сол, денем күйіп-жанып ұйықтай алмадым. Ауылда бір медбике болатын, таң ағарып келе жатқанда ағам барып оны шақырып келді. Медбике апайдың айтуынша, аппендицит болып қалған екенмін, енді көлік тауып аудан орталығындағы ауруханаға апару керек болды. Ауылда қайбір көлік дайын тұрушы еді? Анам байғұс шарқ ұрып көлік тауып келгенше түс ауып кетті. Біршама уақыттан соң оң бүйірімнің ауырғаны сап басылды, алайда қызуым түспеді. Мені көлікке салып алып, екі сағаттық аудан орталығына жеткенше күн ұясына батайын деп қалған болатын. Қалымның мәз емес екенін қан талдауының нәтижесі шығып, мені ота жасайтын бөлмедегі үстелге жатқызған соң бір-ақ білдім. Самайына ақ кірген, менің марқұм әкеммен жасы құралпас хирург аға қасыма жақындап келіп, ақырын ғана: «Сен шыдамды екенсің. Ауырғаныңа бүгін бірнеше күн болса да шыдап жүргенсің. Сенің соқырішегің ішіңде жарылып кетіпті, бірақ сен қорықпа, саған ота жасаймыз деп әдейі мына білікті хирург ағаларыңды шақыртып алдым», - деді. Наркоз салып, қалың ұйқыға батар алдында ота жасайтын бөлменің төбесі айналып бара жатқандай болды...
Неше күн ауырып, ақыры соқырішектің іште жарылуы - соқырішектік пеританит болуым, одан жанымның аман қалуы және жалпы наркоздан оянуымның өзі - Жаратушы Алланың маған деген мейірімі ғой. Соқырішектік пеританиттен немесе наркоздан оянбаған қалпы бақилық болып жатқан жандар қаншама? Сөзімнің соңында айтайын дегенім, Мейірімі мол Алланың жанымды сақтап қалуы, Оның маған деген рақымы мен жарылқауы деп білемін. Сол оқиғадан бері қаншама жыл өтті. Аса қамқор, рақымды Алланың қалауымен, мектепті алтын медальмен бітіріп, қалаған жоғары оқуыма түсіп, бір жақсы мамандық иесі болдым, жанұя құрып, екі ұл сүйіп, ана атандым. Кішкентай кезімнен мені Жаратушы жалғыз Алланың хақ екенін, Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) Оның сүйген құлы әрі Елшісі екенін, хақ дін – Ислам діні екенін үйреткен нағашы апам қазір тоқсанның екеуіне келді, Аллаға шүкір. Алла ризалығы үшін, әлі күнге ораза ұстап, берген несібесі үшін Жаратушы жалғыз Аллаға құлшылық қылып, бес уақыт намазын қаза етпей оқып жүр. Алланың қалауымен, екі жыл бұрын неменелі болды. Міне, Алланың мейірімі деген осы...
Ақерке Сыдықова
asyldin.kz