Ілім үйреніп, оған амал қылмау және парыз амалдарға көңіл бөлмеу, өтірік айту - қабір азабына түсуге себеп болады.
Самура ибн Жундуб (Аллаһ оған разы болсын) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) серіктеріне: «Сендерден біреулерің түс көрді ме?» – деп жиі айтатын, сөйтіп серіктері оған Алланың қалауымен баян ететін.
Пайғамбар (с.а.с.) бір күні сәскеде бізге: «Мен түнде маған екі кісінің келгенін көрдім. Ол екеуі мені қолымнан жетектеп, қасиетті жерге алып шықты. Қарасам бір кісі отыр, қолында имек темірі бар бір кісі түрегеп тұр. (Түрегеп тұрған кісі) ол имек темірді (отырған адамның) езуіне желкесіне жеткенше кіргізеді.
Сосын екінші езуін де солай етеді. (Сол аралықта) мына (жыртылған) езуі жазылады да, (оның езуіне) қайтадан әлгіндегідей істейді. Мен: «Бұл не?» – деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» – деді. Біз ілгері жүріп, шалқасынан жатқан бір кісіге келдік, оның бас жағында дәу тасы (немесе жартастың бөлігі) бар бір кісі тұр. Ол (жатқан адамның) басының мылжа- мылжасын шығарады. Ол ұрғанда тас домалап кетеді, оны барып алып, қайтып келгенше ананың басы жазылып, қалпына келеді де, қайтадан басына ұрады.
Мен: «Бұл кім?» – деп (сұрадым). Ол екеуі: «Алға жүр!» – деді. Біз алға жүріп тандырға ұқсас, аузы тар, табаны кең, астынан от жағылып жатқан бір шұңқырға бардық. (Шұңқырдағыларға от) жақындаса, олар шығуға шақ қалып жоғары көтеріледі де, бәсеңдегенде (орындарына) қайтады. Онда жалаңаш еркектер мен әйелдер бар еді. Мен: «Бұлар кім?» – деп (сұрадым).
Ол екеуі: «Алға жүр», – деді. Біз алға жүріп бір қанды өзенге келдік. Оның ішінде бір кісі түрегеп тұр, ал өзеннің ортасында (немесе «өзен жағасында» деп те айтылған) алдында тастар бар, өзендегі кісіге қарсы қараған бір кісі тұрды. (Өзендегі) сыртқа шыққысы келсе, (әлгі) кісі оның аузына тас лақтырып, бұрынғы орнына қайтарады. Сөйтіп (өзеннен) шығу үшін келген сайын, аузына тас лақтырады да, ол бұрынғы орнына қайтады. Мен: «Бұл не?» – деп (сұрадым).
Ол екеуі: «Алға жүр!» – деді. Біз ілгері жүріп, жасыл баққа келіп кірдік. Оның ішінде бір зәулім ағаш бар екен, түбінде бір қария мен жас балалар отыр. Қарасам ағашқа таяу жерде қарсы алдында от жағып бір кісі отыр. Сөйтіп ол екеуі мені алып ағашты бойлап көтеріліп, бір үйге кіргізді, одан әдемі (үйді) бұрын-соңды көрген емеспін, оның ішінде қарт кісілер, жас жігіттер, әйелдер мен балалар бар еді. Сосын ол екеуі мені одан шығарды да, ағаш бойымен (тағы да) жоғары көтеріліп, (басқа) бір үйге кіргізді, ол (алдыңғыдан) әдемірек әрі жақсырақ еді, онда қарттар мен жас жігіттер бар екен. Мен: «Сен екеуің мені түні бойы өздеріңмен алып жүрдіңдер, енді көргендерім туралы айтып беріңдер», – дедім.
Ол екеуі: «Иә. Сен көрген езуі жыртылып жатқан – жалған сөйлеп, (өтірігі) жан-жаққа тарайтын өтірікші, енді өзің көргеніңдей Қиямет күніне дейін оған солай істеледі. Ал сен көрген басы мылжаланып жатқан – Алла Құран үйреткенмен түнді ұйқымен өткізіп, күндіз оған амал қылмаған кісі, енді Қиямет күніне дейін оған солай істеледі.
Сен шұңқыр ішінен көргендер – зинақорлар, өзендегі көргенің – өсімқорлар. Ағаш түбіндегі қария – Ибраһим (аләйһис-сәләм), оның айналасындағы балалар – адамдардың (жастай шетінеген) балалары, от жағып отырған – тозақтың сақшысы Мәлік. Сен кірген бірінші үй жалпы мүміндердің үйі, ал мына үй – шәһидтердің үйі. Мен – Жәбірейілмін, мынау – Микаил. Енді басыңды көтер», – деді. Басымды көтерсем, төбемде бұлт секілді (бір орын) тұр екен.
Ол екеуі: «Бұл – сенің (жаннаттағы) мекенің», – деді. Мен: «Мені жіберіңдерші, мекеніме кірейін», – деген едім, олар: 38 «Расында, сенің әлі аяқталмаған өмірің қалған. Қашан оны аяғына жеткізсең, мекеніңе келесің», – деді», – деген».