Тақуа яки, сыйлы қария кісілердің қолын сүю арқылы оларға құрмет көрсетуге бола ма?

Тақуа яки, сыйлы қария кісілердің қолын сүю арқылы оларға құрмет көрсетуге бола ма?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тақуа яки, сыйлы қария кісілердің немесе шәкірттің ұстазының қолын сүю арқылы құрмет көрсету – діни міндет емес.

Бұған байланысты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бізге жеткен ешбір хадисінде тікелей бұйрығы жоқ. Алайда төмендегі хадистерден жалпы қол сүйіп, құрметтеуге байланысты пайғамбарымыздың рұқсатын және кейбір сахабалардың бір-бірінің қолын сүю арқылы құрмет көрсеткенін байқаймыз. Бірақ бұл жерде ескерте кететін жайт үлкендер қолдарының сүйілуін, өздеріне солай құрмет көрсетілуін іштей қаламауы тиіс.

Имам Бухари өзінің «Әл-адабул-мұфрад» атты кітабында «қолды сүю» бабында мына хадистерді келтіреді: Уазиғ ибн Амр былай деді: «Біз Мәдина қаласына келер келмес, бізге «Алланың елшісі әне, ана кісі» делінді. Біз пайғамбарымыздың қол-аяғын сүйе бастадық». әл-Бухари, әл-адабу Сәбит Әнастан «Пайғамбарға қолыңды тигіздің бе?» деп сұрағанда, Әнас (р.а.): «Иә», - деп жауап қайырды. Сәбит болса дереу Әнастың қолын сүйді.

 Суһайб: «Әлидің (р.а.) Аббастың (р.а.) қолы мен аяғын сүйгенін көрдім» деп риуаят етті.  Зәйд ибн Сәбит пен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туысы Ибн Аббас арасында болған мына бір оқиғаны Аммар ибн Әби Аммар риуаят етті.

Бір күні Зәйд ибн Сәбит көлігіне мінейін деп жатқан кезде Ибн Аббас үзеңгісінен ұстап (мінгізуге көмектескісі келді). Зәйд ибн Сәбит болса оған: «Әрірек тұр! Уа, Алла елшісінің (с.а.у.) немере ағасының баласы»,-деп (кішіпейілділік танытты.) Ибн Аббас болса, оған: «Бізге үлкендеріміз бен ғұламаларымызға осылай құрмет көрсетуге бұйырылдық», – деп жауап қайырды. Зәйд ибн Сәбит оған: «Қане, қолыңды көрсетші», – деді. Ибн Аббас қолын көрсетіп еді, Зәйд ибн Сәбит дереу оның қолын сүйіп алды да: «Біз де пайғамбарымыздың туысқандарына осылай істеуге әмір етілдік», - деді.

Бұған қоса «Кәнзул-уммал» атты хадис кітабында мына бір риуаятты көреміз. Екі яһуди келіп пайғамбарымыздан тоғыз ашық мұғжиза жайлы сұрайды. Пайғамбарымыз сұрақтарына жауап бергеннен кейін екі яһуди пайғамбарымыздың қолы мен аяғын сүйіп, пайғамбар екендігіне куәлік келтіреді. Бұл риуаят Сафуан ибн Ассалдан риуаят етілді.

Хадистің дәрежесі «хасан сахих». Егер қол сүйіп құрмет көрсету харам болғанда пайғамбарымыз қолын сүйдірмес еді. Имам ән-Нәуауий былай деді: «Кісінің қолын абыройы, тақуалығы, ғылымы секілді діни істері үшін сүю мәкрүһ емес, тіпті мұстахаб амалға жатады. Ал егер байлығы, мықтылығы яки дүниелік мансабы үшін болса, онда қауіпті мәкрүһ амалға жатады».

Демек, қол сүю арқылы құрмет көрсетуде кісінің ішкі ниеті өте маңызды. Сүйгізуші мен сүюшінің ниеттері бұл мәселенің үкіміне тікелей әсер етеді. Яғни, кісіні дүниелік мақсаттар үшін, яки оның мансабы мен байлығы үшін сүю дұрыс емес.

Ал қолы сүйілетін кісі өзгелерден әрдайым өзінің қолының сүюілуін іштей күтсе, тәкаппарланып паңданатын болса, ол да дұрыс емес. Қол сүйіп құрметтеуге байланысты осы нәзік қағидалар сақталған жағдайда қол сүйіп құрметтеуге шариғатымыз рұқсат етеді.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: