Негізі, болмысы турасынан иман көбейе де, азая да алмайды. Алайда сапасы жағынан алып қарағанда, иман көбейе де, азая да алады. Біз сенім білдіруге міндетті дүниелер иманның болмысын құрайды: Алланың бар екендігі әрі жалғыздығы; періштелердің, пайғамбарлардың, қасиетті кітаптардың бар екендігі, Қиямет күнінің болуы, жазмыш, яғни, біз діннің шарттары деп атайтын мәселелер. Бұларға қатысты иманның көбеюінің де, азаюының да болуы мүмкін емес.
Осы шарттарға иман келтіруде, пайғамбарларда болған иман мен қарапайым адамдағы иманның арасында еш айырмашылық жоқ, өйткені олар бір нәрсеге сенеді. Алайда осы шарттардың біреуін болсын жоққа шығарушы, мүмін болудан қалады да күпірлік жасайды. Ендеше, иманның болмысы турасынан оның мәні барлық мүміндерде бірдей. Иман сапасының көбейіп немесе азаюына келер болсақ, бұл иманның жетілгендігінің көбейіп немесе азаюын білдіреді.
Мысалы, тахкик дәрежесіндегі иман, таклид дәрежесіндегі иманнан жоғары. Айналь-Йакин дәрежесі Ильмуль-Йакин дәрежесіне қарағанда жоғары болып табылады, ал Хаккаль-Йакын дәрежесі Айналь-Йакын дәрежесінен жоғары. Бұл Қағбаның бар екенін біліп жүрсе де өз көзімен көрмеген адамның Қағбаны көрген соң оның сенімінің қалай артатындығы сияқты. Сол сияқты иман да дәлелдерді танып-білу арқылы күшейеді. Алла Елшісі (ﷺ) иман сапасының көбейіп, азаюын көрсете отырып, былай дегені келтірілген: «Егер Әбу Бәкірдің және барлық басқа мүміндердің иманы таразыға салынар болса, онда Әбу Бәкірдің иманы ауыр түсер еді». Бұл «ауырлық» иманның сапасы мен мінсіздігін көрсетеді.
Ендеше, иманның болмысы және негізі жағынан барлық иман келтіргендер өзара тең. Әркім бір нәрсеге сенеді. Алайда иманның сапасы мен мінсіздігі әркімде әртүрлі. Иманды көз көрумен салыстыруға болады: біреудің көзі жақсы көрсе, біреудің көзі нашар көреді. Біреулер тіпті түнде де жақсы көрсе, ал енді біреулер күндіздің өзінде дұрыс көре алмайды, біреулер алыстан жақсы көрсе, енді біреулер тек жақыннан көреді.
asyldin.kz