Бес уақыт намазды жамағатпен оқуға тырысу қажет. Бұл мәселеде ұқыпсыздық танытуға болмайды. Біз Ханафи мәзхабын ұстанушы бола тұра, дегенмен, жамағат намазы туралы айтқан Ханбали мәзхабын ұстанушылардың пікіріне құлақ салғанымыз жөн. Ол жамағаттың болуы намазды растайтын шарттардың бірі болып табылады деп санаған. Біздің табиғиндер санатынан болғандарымыз аталмыш мәселе жөнінде өте кінәмшіл болған.
Мысалы, Амеш (Сүлейман ибн Михран) жетпіс жыл бойы бірде-бір жамағат намазын жібермей оқыған деп келтірілген. Жетпіс жыл бойы тіпті бір ракағатқа да қалып көрмеген. Сондай-ақ, табиғиндер санатынан болған бір адам өмір бойы намаз оқу барысында алдында тұрған кісіні көрмеген, яғни, өмір бойы бұл адам мешітке басқалардан бұрын келіп, барлық намаздарын бірінші қатарда оқығандығы да айтылған.
Жамағат намаздың маңыздылығын түсіндіре отырып, Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқаны келтірілген: «Азан шақырылып, жамағат намазға тұрған соң, мешітке келмегендердің үйін барып өртеп жібергім келетін».
Сөзсіз, жамағат намаз аса маңызды. Егер мен сізден: «Өміріңізде намазды қанша мәрте жалғыз оқыдыңыз?» - деп сұрасам. Егер жалғыз оқыған намаздарыңыздың саны оннан астам болса, бұл туралы ешкімге тіс жарып айтпаңыз, өйткені Алла алдында сіз ұялуыңыз тиіс. Әрине, адам намазын жалғыз оқуға мәжбүр болатын кездер болады, бірақ бұл намазды жамағатпен бірге оқу мүмкін болмаған кезде ғана орын алғаны жөн. Мысалы, жолда, әуежайда, ұшақта немесе басқа да транспорт түрінде болғанда, не болмаса қатты сырқат болып, жүріп-тұруы қиынға соққан кезде.
Біз өз өмірімізді намазға сәйкестендіріп, реттеуіміз қажет. Намаз күнтізбе тәрізді біздің өміріміздің әрбір сәтін, әрбір кезеңін қамтуы тиіс. Намаз уақыттары біздің күн тәртібіміздің іргетасына айналуы керек. Ал басқа істерімізді намаз уақыттарына сай жоспарлап отыруымыз нұр үстіне нұр болар еді.
asyldin.kz