Алдыңғы қасиетті кітаптардың бұзылуына көптеген себептер негіз болды. Сол себептерді төмендегідей ретпен жүйелеп баян етуге болады.
1. Алдыңғы қасиетті кітаптар Құран секілді 23 жыл ішінде аят-аят, сүре күйінде түспеді. Керісінше бірден кітап халінде түсті. Сондықтан ол кітапты бастан аяқ жаттап алғандар саны аз болған. Жатқа білмеген кітап уақыт өте келе өзгеріске ұшырауға мәжбүр болды.
Ал Құраннан аят немесе сүре түскенде сахабалар оны дереу жаттап алатын және түрлі заттардың бетіне жазып алатын. Құран толық түскен кезде оны жатқа білетін қаншама сахаба болды. Кейінгі ғасырларда болса жүз мыңдаған адам жаттап алып, бұрмалануына жол бермеді.
2. Кітап иелері арасында оқу, жазу білетіндер саны өте аз болғандықтан кітаптардың нұсқасын көбейту мәселесі қараусыз қалды. Ол аздай кітапты оқу мен зерттеуге жұртшылық та ынта көрсетпеді. Нәтижесінде бұрмалаулар, түпнұсқасының жоғалуына жол берілді.
Ал, Құран аяттары түскен-түскеніндей жазылды және кейінгі халифалар тұсында жинақталып көбейтілді. Екіншіден, Хазіреті Пайғамбарымыз былай деп өсиет айтып кетті: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйренген және оны үйреткендеріңіз» (Тирмизи). Осы хадис аясында сахабалар Құранды үйрену мен үйрету мәселесіне өздерінің негізгі мақсаттарындай бөлекше мән берді.
3. Кітап иелерінің басынан өткен тарихи оқиғалар да кітаптардың бұзылуына бірден-бір себеп болды. Өйткені Исрайл ұрпақтарының бастарынан өткізген құлдық кезеңдері, көш‑қон машақаттары мен сан қилы соғыстары қасиетті кітаптарды сақтап қалуда кесірін тигізді. Мысалы Исрайл патшалығын б.э.д. 721 жылы Асириялықтар, Яһуди патшалығын б.э.д. 586 жылы Вавилондықтар қиратып, яһудилер Вавилонға құлдыққа әкетілді.
Кейінірек Құдысты Александр Македонский талқандап, 63 жылдан кейін басталған Рим шабуылы 70 жылы яһудилердің мем- лекеттерінен түбегейлі айрылуымен аяқталды. Осыдан бастап олар әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кетті. Христиан әлемі де Хазіреті Исадан кейін Римдіктердің қуғынына ұшырады. Әсіресе 64 жылы Римнің өртенуіне христиандар кінәлі деген айыппен оларды қатты азаптау басталды. Бұл азаптау мен жаппай өлтіру ісі 313 жылы билікке христиан сеніміндегі император Константиннің келуіне дейін жалғасты.
4. Яһуди және христиан дін басылары кітапта өздеріне ұнамаған сөздерді алып тастады немесе өз пайдаларына сәйкестіре отырып өзгертулер енгізді. Яғни өз қолдарымен бұрмалаудың нәтижесінде қасиетті кітаптарының бұзылуы іске асып жатты.
Құранда бұл мәселені былай деп кел- тіреді: «(Мұсылмандар!) Олардың сендерге сенетіндіктерін үміт қыласыңдар ма? Әрине олардың Алланың сөзі (Тауратты) тыңдайтын бір тобы бар еді. Олар оған түсініп болғаннан кейін біле тұра өзгертті» (2.Бақара- 75), «Сондай Яһудилердің кейі сөзді орындарынан өзгертті» (4.Ниса-46).