ОРАЗА ХИКМЕТТЕРІ

ОРАЗА ХИКМЕТТЕРІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Хақ дін Исламның басты бес ұстынының бірі ораза құлшылығының ішкі мәні тым тереңде. Жалпы, Құдіретті де Мейірімді Иеміз белгілі бір мақсатсыз, хикметсіз үкім түсірмеген. Рас, Құранда айтылған кез-келген үкім – сынақ: пенденің бойұсынатыны немесе бойұсынбайтыны сыналады. Алайда сонымен қатар кез-келген үкімнің артында Жаратушы Иеміздің даналығы мен қамқорлығы жатады.

Шариғатымызда бекітілген әрбір құлшылықта әрі рухани, әрі тәни, әрі материалдық пайдалардың бар екендігі мәлім. Мәселен, намаз – күнәларды кетіруші, жамандықтан тыюшы әрі Жаратушыны еске салушы ғибадат болуымен қатар, адамның денсаулығына өте пайдалы құлшылық болса, ораза да пендені кемелдікке жеткізер рухани тереңдігімен қоса тән саулығының бір кепілі ретінде белгілі. Бұл жайлы ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Ораза – тәннің зекеті», - деген (Ибн Мәжәһ жеткізген)Оразаның адам денсаулығына ұшан-теңіз пайда беретіні жайлы көзі қарақты оқырман жақсы біледі...

ОРАЗА – ТАҚУАЛЫҚ МЕКТЕБІ

Әуелі Құран аятына мән берелік: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға ораза парыз етелгендей, сендерге де ол парыз етілді. Әрине, тақуа боларсыңдар». («Бақара» сүресі, 183-аят.) Мейірімі шексіз, аса Дана Алла Тағала бұл аятта ораза ұстау бұйрығының себебін: «…тақуа боларсыңдар» деген сөзбен түсіндірді. Яғни, ораза ұстаудағы мақсат – аш жүру емес, тақуалыққа жету. Ал күнә атаулыдан барынша сақтанып, тіпті күмән атаулыға жоламауға тырысатын тақуалық деңгейі – мұсылманшылықтың, адамшылықтың үлкен бір сатысы. Қасиетті Құранда Жұмақтың  «тақуалар мекені» деп сипатталғанының өзі көп нәрсені аңғартса керек...

Көп пенденің парыз болған намаз, ораза секілді құлшылықтарды қиынсынатыны белгілі. Себебіне үңілсек: жалпы құлшылықты «қиын» көру – нәпсіміздің (өзін тән шекарасымен шектейтін өзімшіл құлық) ойы әрі бұл ойдың тасасында «Алла Тағала құлшылықтарды, дінді пенделерін қинау үшін түсірген» деген шайтанның жымысқы «сыбыры» жатыр. Ал шындығында: бізге бұйырылған үкімдер біздің пайдамыз үшін, бізге бір нәрсе үйрету үшін түсірілген! Өйткені Алла Тағала бізді – адам баласын барлық жаратылыстан артық қылып, жақсы көріп жаратқан! Бұл сөзімізге мына аяттар дәлел:«Ақиқатында, адамды көркем бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят.),«Расында, адам баласын ардақтадық. Оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық» («Исра» сүресі, 70-аят.), «Ол сондай Алла: сендерді жер жүзіне ОРЫНБАСАР қылды» («Фатыр» сүресі, 39-аят.).Абай хакімше айтсақ: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті!» Бұл айтылғандардан шығатын басты қорытынды мынау: Алла Тағала дінін бізді қинау үшін емес, «екі дүниеде бақытты болсын» деп түсірген! Анығында Өзі сүйіп жаратқан пендесіне Ұлы Жаратушы ешқашан зиян беретін үкім түсірмейді! Ал, «дін біздің өмірімізді қиындатады» деп ойлау – түбінде Алла Тағала туралы жаман ойлау болып табылады... Бұл жайлы ғалымдарымыз: «Ислам – үкімдерінің барлығы әділ және тек адам баласының пайдасын ғана көздейтін хақ дін. Бізге бұйырылған нәрселердің барлығында  пайда бар, ал тыйымдарда  зиян бар», - деп түйіндейді. Осы ақиқатты түсінген жан кез-келген құлшылық (қазір оның сыры мен даналығын түсінбей тұрсақ та) адам баласының пайдасы үшін бұйырылғанын, Жаратушы үкімінің ар жағында Оның бізге деген қамқорлығы мен сүйіспеншілігі жатқанын ұғынады! Ұғынған соң, құлшылығын қиналып емес, қуанып істейтін болады, ин ша Алла! Яғни, ораза ұстау – қиын сияқты көрінгенімен, бізге пайдалы құлшылық; біздің пайдамыз үшін бұйырылған құлшылық! Сонымен оразаның бірінші пайдасы – бізді тақуалыққа бастайды,ал тақуалық Алла разылығына, Жәннатқа жеткізеді...

РАМАЗАНДА НЕГЕ ЖӘННАТ ЕСІКТЕРІ АШЫҚ БОЛАДЫ?

Ораза құлшылығы – негізі, таңсәріден күн батқанға дейінгі аралықта ішіп-жеуден және жұбайлық жақындықтан бас тарту арқылы көрініс беретін ғибадат. Алайда ораза бұнымен ғана шектелмейді. Оразаның кәмілдігі сонымен қатар көз бен құлаққа, қол мен аяққа да, тіпті сезім мен ойға да белгілі шектеулер қою арқылы толыға түседі. Яғни ораза дегеніміз Раббымыз разы болмайтын барша істерден тыйылып, жамандық атаулыдан аулақ кету арқылы жүзеге асатын құлшылық. Мына хадистер оразаның мақсаты мен мәнін аша түседі: «Ораза ұстаушыға оның оразасынан аштықтан басқа еш нәрсе тимей қалуы мүмкін»(Ибн Мәжаһ жеткізген) немесе «Өтірік айтуын және өтірікке сай амал етуін тоқтатпаған адамның ішіп-жеуді тастағаны Аллаға керек емес» (Бұхари жеткізген)...

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Шайтан адам баласының қан жүретін жолдарында жүредіСендер оның жүретін жолын оразамен бітеңдер», - дейді (Бұхари мен Муслим жеткізген). Демек, ораза шайтанның жолын бөгейді. Ал лағынеті шайтанның адам баласына қас дұшпан екені бесенеден белгілі. Келесі бір хадисте«Рамазан – Мүбәрак ай. Ол айда Алла Тағала сендерге ораза ұстауды парыз етiп, Жәннат есiктерiн айқара ашып, тозақ есiктерiн тарс жауып, жын-шайтандарды кiсендеп қойды. Ол айда мың айдан қайырлы түн бар» (Насаий жеткізген) делінген. Яғни, Рамазан айында Жәннат есігі ашық, тозақ есіктері жабық, шайтандар кісендеулі. Алайда, бұл хадисті «басқа айларда жабықтұратын Жұмақтың есіктері осы айда ашылады екен» немесе «ашық тұрған тозақтың есіктері осы айда тарс жабылады екен, жыл бойы еркіндікте жүрген шайтандар тек қана осы айда кісенделеді екен» деп қана түсінбеу керек. Өйткені ғалымдар бұл хадистің астарлы мағынасы да бар екенін ескерткен.«Рамазан айында Жаннатың есігі айқара ашылады» деген сөйлемді «Бұл айда сауаптар еселенеді, сондай ақ Қадір түні жасалатын құлшылықтыңсауабы 83 жылдық құлшылықтың сауабынан басым болуы мүмкін. Басқа айда орындалмайтын тарауих намазы, ауызашар, пітір садақа, Құран хатым ету секілді Жұмаққа жетелейтін салиқалы, ізгі амалдарды істеу мүмкіндігі көбейеді. Сол себепті Рамазан айында ораза ұстаған адам үшін Жәннат есігі айқара ашылады» деп түсінуге болады. Осы секілді «тозақтың есіктері тарс жабылады» деген сөз ораза ұстаған адамның тозаққа бастайтын іс-әрекеттерден тыйылатындығын меңзейді. Ал «шайтандар кісенделеді» дегенді «шынайы, шын көңілімен ораза ұстаған адамды шайтан азғыра алмайды» деп түсінген абзал болмақ. Өйткені, ораза ұстаушы бүкіл дене мүшелеріндегі жағымсыз қылықтар мен әрекеттерге «кісен салып тастайды»Иә, ораза ұстаушы үшін Жәннат есіктері айқара ашық, тозақ жабық, шайтандар кісендеулі!..

ОРАЗА – НӘПСІНІҢ ТІЗГІНІ

Негізі, біз мынаны түсінуіміз керек: құлшылық – бізге керек; иманымызды, мұсылманшылығымызды, Адамшылығымызды сақтап қалу үшін керек!.. Осы арада оразаның тағы бір үлкен мақсаты ортаға шығады: ораза ұстау арқылы адам баласы өз нәпсісін тізгіндеп, тәрбиелейді. Өйткені тәрбиеленбеген нәпсі иесін жамандыққа, күнәға бастайтыны Құран аяттарында анық айтылады. Ал, «нәпсі» дегенде әуелі адамның ұйқы, тамақ, жыныстық құмарлық секілді тән қалаулары айтылады. Сонымен бірге, осы тәнге байланудан туындайтын менмендік, өзімшілдік сезімі; тәкәппарлық, көреалмаушылық, мақтаншақтық, ызақорлық, өшпенділік, жалқаулық сияқты жағымсыз құлықтар да – нәпсінің мазмұнын құрайды. Ғалымдар: «Бір бойында жан мен тән, ақыл мен нәпсі, иман мен күпірлік сияқты қарама-қайшы қасиеттер тоғысқан адам баласының рухани жетілуі – нәпсісін тізгіндеу арқылы, сол нәпсі қалауын қаншалықты басқара алатындығына сәйкес өседі. Керісінше, нәпсінің әуесіне еру – иманды әлсіретіп, рухты жұтаңдатады; оған толық бағынудың соңы – апат», - дейді. Ал енді байқап қарасаңыз: біз көбінесе тәніміздің қалауын күйттеуге бейімбіз. Мәселен, ұйқымыз келсе – ұйықтай саламыз, қарынымыз ашса – ас-суын тосамыз, ашулансақ – арындап кетеміз... Бұның бәрі біздің нәпсімізді семіртіп, өзімшілдігімізді арттыра түспек. Ал «мен, мен!» деп кеудесін ұрған нәпсі, Жаратушы бұйрығын орындамақ тұрмақ, өзі Құдай болғысы келеді... Сол себепті ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде: «Сіздердің ең үлкен дұшпандарыңыз – нәпсілеріңіз»әйхаки жеткізген) десе, келесі бір хадисінде нәпсімен күресті «үлкен жиһад» деп атаған... Мінеки, оразада осы нәпсі тізгінделеді: ішіп-жеуден ғана емес, артық сөзден, ашудан да тыйылады; тыйып үйретеміз. Хадисте былай делінеді: «Ораза қалқан саналады, сендерден кім ораза ұстаса, ол күніөзін барлық әдепсіздіктен сақтасын және даусын көтермесін, егер оны біреуұрысса немесе онымен таласқысы келсе, ол кісіге: «Расында, мен оразаұстаушы адаммын!», - деп айтсын...» (Бухари, Муслим жеткізген)

Иә, біз ораза кезінде ақылымыз, иманымыз арқылы нәпсімізді бағындырып, одан үстем болып үйренеміз. Нәпсімізді атқа теңесек, Рамазанда оны ерттеп мінгендей боламыз; ал басқа айларда атты өзіміз арқалап жүргендейміз бе?..

ОРАЗА – КӨРКЕМ МІНЕЗ КӨРІГІ

Мұсылманның көркі – көркеммінез. Расында, адамның шынайы бағасы мінезімен өлшенеді. «Әдеттен мінез, мінезден тағдыр қалыптасады» деген тұжырым тағы бар. Ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде сынақ өмірдің нәтижесі шығарылатын Қиямет күні сауап таразысын салмақты қылатын, ең ауыр тартатын нәрсе көркеммінез екенін ескерткен. Ал көркеммінездің басты сипатының бірі – сабыр болса, ораза арқылы бойымызда осы «сабыр» деген баға жетпес қасиет қалыптасады. Оған дәлел: «Ораза – сабырлылықтың жартысы» (Ибн Мәжаһ жеткізген)деген хадис әрі өзіміздің өмірлік тәжірибеміз. Ал қасиетті Құранда «Алла сабырлыларды жақсы көреді» («Әли-Ғимран» сүресі, 146-аят.) және «Шын мәнінде, сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз беріледі»(«Зүмәр» сүресі, 10-аят.), - делінеді…

Ақиқаты сол: Құдіретті де Мейірімді Иемізді тану арқылы және Оның заңына бағыну арқылы адамның жан-дүниесінде тыныштық, отбасында береке, қоғамда татулық пен бірлік орнайды. Қасиетті Құранда айтылғанындай, пенде жүрегіндегі тыныштықтың кепілі – Алла Тағаланы еске алу болса, адамдарды өзара жарастырудың жолы – мейірім мен махаббатта. Ораза құлшылығы осы мақсатты өз деңгейінде жүзеге асырады. Өйткені ораза ұстаған жан ашыққан адамның жағдайын жан-дүниесімен сезінеді;мұқтаждық пен жоқтықтың ащы дәмін өз басынан өткереді; сол арқылы басқа жанның қайғысына иіліп үйренеді...

НЕГЕ ОРАЗАНЫҢ САУАБЫН АЛЛА ӨЗІ БЕРЕДІ?

Хадисте «теңдесі жоқ» деп аталған оразаның тағы бір басты ерекшелігінің бірі – оның риядан, яғни «басқалар көрсін» деген көзбояушылықтан таза болуында. Өйткені, ораза – егер ораза ұстаушы өзі айтып қоймаса, басқа ешкім біле алмайтын, Алла Тағала мен құлының арасындағы сыр тәрізді ерекше ғибадат. Әуелі бәрімізге белгілі хадис мәтініне зер салайық: «Адам баласының барлық амалы еселенеді: жақсы амал оннан жеті жүз есеге дейін көбейеді. Алла Тағала айтады: «Адам баласының барлық амалы  өзі үшін. Тек ораза  Мен үшін. Оразаның есесін, сыйын Өзім беремін. Өйткені, пендем Мен үшін шақуат қалауы мен тамағынан тыйылады». Ораза ұстаушы бөленетін екі шаттық бар: ауыз ашқан кездегі қуаныш және Раббысымен жолыққан уақыттағы қуаныш. Мұхаммедтің жаны қолында болған Алламен ант етемін! Алла Тағаланың алдында ораза ұстаған адамның аузының иісі мисктің (әтірдің) исінен де жағымды!» (Бұхари, Муслим жеткізген)

Осы хадисте айтылған Алла Тағаланың «Оразаның сауабын Өзім беремін»деген сөзіне орай ғалымдарымыз: «Адамдар басқа құлшылық түрлерінде рияға ұрынып жатады, ал рияны, яғни әрекет-амалды көрер көз үшін істеуді Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «кіші серік қосу» деп атаған. Оразада рияға ұрыну қаупі жоққа тән; сондықтан оның сыйы да – ерекше», - дейді.

Расында, дініміздегі көптеген құлшылық түрлеріне қатысты ықылас-ниетке байланысты және амал етуге байланысты қателіктерді кездестіруге болады. Мәселен:  білместікпен әруақтарға арнап құрбандық шалып жатқандар кездеседі; берген зекеті мен садақасына мақтан мен міндетсу араластырып алып жатқандар қаншама? Қажылыққа барса да рияға ұрынған, қайтып келген соң да «қажылығын» бұлдап жүрген кісілерді де көріп жүрміз. Жеке оқыған намазы – басқаша, көптің көзінше оқығаны – басқаша қаншама жан бар. Яғни, шайтанның азғыруы, нәпсінің мақтаны араласпаған ғибадат түрін көзге елестету - қиын. Алайда, ораза құлшылығы – бұл кемшіліктерден ада. Өйткені, оразаны тек Алла Тағалаға ғана арнауға болады және өзі айтпаса, Жаратушы Иесі мен ораза ұстаушы адамның арасындағы құпия сыр болған бұл құлшылықты басқа ешкім біле де алмайды, көре де алмайды. Шындығында, ораза ұстаушы адамның ешкім жоқ жерде тамақтанып алуына, ал басқалардың көзінше аузы берік адам секілді жүріп-тұруына ешнәрсе кедергі емес. Оны ондай екіжүзділіктен тек Алла Тағаланың көріп тұрғанына деген кәміл иман мен тек Жаратушысының разылығын іздеген шынайы ықыласы ғана сақтайды. «Сый» демекші, қажылық, намаз, зекет, садақа секілді ғибадаттарымыз үшін мақтау естіп, иығымызға шапан жабылып, өзіміз секілді пенделерден «сыйлық алып» жүрміз ғой. Ал ол құрмет пен мақтан пенденің нәпсісін семіртіп жіберуі әбден мүмкін... Ал ораза – жоғарыда айтқанымыздай, ел көретін құлшылық емес. Оразаға Жаратушы Иеміз ғана куә, ол үшін Алланың разылығынан басқа сый да жоқ!  Қорыта айтқанда, оразада хақ дін Исламның басты талабы болған Алла Тағаланы Бірлеу – таухид сенімі анық көрініс табады және ниеттегі ықылас та өз кемелін табады. Міне, сондықтан тек Өзіне ғана бағышталған Оразаның сауабын Жаратушы Иеміз Өзі береді және Өзінің құдіреті мен мейіріміне лайық түрде береді!..

Бәріміз білеміз: хақ дін Исламды қабылдау – Алладан басқа Тәңір жоқ екеніне әрі Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Алланың елшісі екеніне жан-жүрегімізде күдіксіз сену және тілмен айту арқылы жүзеге асады. Өз кезегінде «Алладан басқа Тәңір жоқ» деген сенімнің астарында: «Алла Тағаладан басқа Жаратушы, Басқарушы жоқжәне Алла Тағаладан өзге құлшылық қылуға лайық басқа Құдай жоқ» деген өзекті ұғым жатыр. Ал, дәл осылай Алла Тағаланы Бір деп білу, ой-ниетімізбен, сөзімізбен және денемізбен орындалатын құлшылықтарды тек қана Аллаға арнау және тек Оның ғана разылығын мақсат тұту – біздің мұсылмандық сеніміміздің негізі әрі хақ дінді дұрыс ұстанудың, құлшылықтарымыздың қабыл болуының ең басты шарты. Міне, осы шартқа ораза толық сай болып тұр...

СӨЗ ТҮЙІНІ

Иә, біз, аятта айтылғанындай, Бір Аллаға ғана құлшылық жасауға міндеттіміз және сол арқылы ғана адамдық абыройға бөленеміз. Өйткені, құлшылық – иманымыздың қуаты, Ақыретіміздің азығы. Ал иман – адамдықтың жұлыны. Бізге парыз болған құлшылықтар – бізді екі дүниеде бақытқа жеткізер тәрбие мектебі. Сондай-ақ, құлшылық-ғибадат – бізге берген сансыз жақсылық-нығметтері үшін Ұлы Раббымызға деген алғыс-шүкірлігіміз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі. Осы тұрғыдан алғанда еш қиындыққа қарамастан ораза ұстау - жаратылу мақсатымызға сай болғанымыздың, құлдығымыздың көрінісі болмақ; махаббатпен жаратқан Иемізге махаббатпен жауап бергеніміздің бір дәлелі болмақ... Рамазан айы –  шын мәнінде, Алла Тағаланың мұсылман жұртына жасаған теңдессіз тартуы! Өйткені, Рамазан – ризығымызды берекеттендіретін, сауабымызды арттыратын құтты ай! Рамазан – жүректерді жұмсартатын мейірім айы; сабыр мен шүкір айы; кешірім мен жәрдем айы, құлшылық пен жалбарыну айы және ең бастысы күнәларымыз кешірілетін, тозақтан құтылатын, жан-жүрек тазаратын ай! Ендігі мәселе: осы бір айдағы ынта-жігерімізді басқа айларда бәсеңсітіп алмау, осы ай ішінде қалыптасқан жақсы әдетті ары қарай жалғастырып, мінезіміздің бір қырына айналдыру!..           

Алғадай Әбілғазыұлы

Таугүл мешіті

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: