Рамазан айына 3 күн қалды.
Дұға – құлшылықтың бірі. Өкінішке орай, мүміндердің көпшілігі дұғаның күшін лайықты түрде бағалай білмейді. Дұға – Алла Тағала мен пенденің арасындағы ең басты байланыс көзі. Мүмін жан үнемі өзінің Жаратушысымен байланыста болуы керек, өйткені бұл иман нығаюының себебі әрі өзін күнәдан аулақ ұстаудың мүмкіндігі болып табылады.
Көп жағдайда бастарына уайым-қайғы түскен, қиыншылыққа ұшыраған адамдар Алла Тағалаға сиынып, Одан дұға тілейді. Бұл жөнінде Қасиетті Құранда былай айтылған:
«Қашан адам баласына бір бейнет жетсе, олар Раббыларына ықыласпен жалбарынады. Сосын Алла, қашан оған өз тарапынан бір мәрхамет таттырса, сонда олардың кейбіреулері, Раббыларына ортақ қосады» (30:33).
Қасиетті Рамазан айының мән-мағынасын жан-тәнімен түсінетіндер осы айда Жаратушыға жасалған дұғалар ерекше шынайы болатынын біледі. Көп жағдайда адамдар шүкіршілік айтып дұға жасайтындығына себеп болып табылады. Рамазан айында адамдар өмірді басқа жағынан көреді және Алла Тағала оларға нәсіп еткен күллі нығметтерді танып-біліп, бағалай бастайды.
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Ақиқатында, біздің Жаратушымыз ұяттылық пен жомарттықтың Иесі болып табылады. Сол себепті де Оның құлдары қолдарын жайып дұға сұрағанда, Ол олардың қолдарын бос қайтарудан ұялады» (Тирмизи, Әбу Дәуд).
Негізі, жасалатын дұға шынайы болуы тиіс.
Бізбен тек бір нәрсені алу керек болғанда немесе бізден пайда көре қалайын деп қана хабарласатын адамдармен араласу бізге өте жағымсыз екені рас қой. Алла Тағалаға қатысты дәл осындай қарым-қатынас мүлде болмайды. Мүмін адам үнемі Алла алдындағы өзінің әлсіздігін, дәрменсіздігін сезінуі қажет.
Шынайы дұғасыз берік иманға қол жеткізу оңай емес. Егер басыңызға күн туғанда ғана Алла Тағалаға жалбарынып, дұға тілейтін болсаңыз, онда өзіңіздің кемшілігіңізді мойындап, одан арылуға тырысыңыз.
Кемшілік атаулыдан пәк Алла Тағала біздің намазымызға, оразамызға және дұғамызға зәру емес. Айтылған құлшылықтардың бәрі бізге Жер бетінде лайықты өмір сүруге көмектеседі.
Рамазан – Аллаға шүкіршілік ету айы. Ол – біздің Алла Тағаламен және өзге адамдармен қарым-қатынасымыздан көрініс табатын болады. Шынайы шүкіршілік сезімі адамдардың жанын бақыт пен тыныштыққа кенелтеді.
Естеріңізде болсын, дұғаның есіктері үнемі ашық, дұға жасау үшін Рамазан айын не болмаса ерекше бір күнді күтудің қажеті жоқ. Рамазан қарсаңында мұсылман үшін өзінің барлық құлшылығын мінсіз жасау маңызды екенін ұмытпайық, ағайын.
asyldin.kz