1. Ораза мәселесінде балаларды мәжбүрлеуге не болмаса айныту қажет емес. Ораза ұстау-ұстамау шешімін баланың өзі қабылдауы керек. Егер ол ораза ұстаймын десе, оның шешіміне қолдау көрсетіп, оны мақтан тұтатыныңызды білдіріңіз.
2. Егер балаңыз 5-7 жаста болса әрі оның денсаулығына алаңдайтын болсаңыз, онда оразаны толық күн емес, жарты күн – сәресіден түске дейін не болмаса түстен бастап ауызашарға дейін, немесе аптасына бір-екі рет толық ауыз бекітуді ұстауды ұсыныңыз. Діни міндеттерді орындау - нақты бір жас мөлшерінен әрі нақты физикалық мүмкіндіктер біліне бастаған уақыттан бастап адамға міндеттелетінін балаға түсіндірген жөн.
3. Балаға ата-ананың сөзінен гөрі олардың амалдары көп әсер ететінін есімізде ұстайық. Егер балалар кішкене күндерінен бастап ата-аналарының ораза ұстап жүргенін көріп өссе, онда олардың алдында ораза ұстау-ұстамау деген сұрақ туындамайтын болады, балалар зор қуанышпен ата-аналарына қосылып ауыз бекітетін болады.
Ал егер отбасындағы жағдай дін атаулыдан аулақ болса, онда балалардың ораза ұстап, намаз оқуға келуі екіталай. Егер үйіңізде Рамазан айын бір қасиетті ай ретінде күтіп, оған дайындалатын болсаңыздар, онда балалар да оразаны тағатсыздана күтетін болады.
Мұсылман емес қоғамда өмір сүретін балалар өздерін Рамазан айында қалай ұстауы керек деген сауал туындауы мүмкін.
Мысалы үшін, ата-анасына қосылып ораза ұстайтын бала мектептегі не болмаса ауладағы достарына күндіз ас-судан тыйылатынын қалай түсіндірмек?
Өзге балалар оны мазақ етуі немесе, керісінше, аяушылық танытуы мүмкін, ал енді біреулері «Ешкім көріп тұрған жоқ қой, бір жұтым су ішіп ал немесе шоколад жеп ал» - деп ораза ұстап жүрген баланы еліктіруі әбден мүмкін.
Мұндай мәселелердің балаларға оңай соқпайтыны мәлім, сол себепті ата-аналар ұсаздардың көмегіне жүгінгені жөн. Олар өз кезегінде басқа оқушыларға әлдебір баланың күндізгі уақытта не үшін ас пен судан тыйылатынын дұрыстап түсіндіріп беруі тиіс.
Адамдардың нәсілдері әртүрлі болатыны сияқты, олардың ұлттары мен діндері де түрлі болатынын балаларға түсіндіру керек. Алла Тағала адамдар бір-бірін білсін деп оларды түрлі халық етіп жаратқандығын да айта кету артық болмас.
Бізбен бірге өмір сүретін христиандардың да өз ғұрып-салттары бар – олар ораза ұстағанда ет жемейді, шіркеуге барып тұрады. Ал мұсылмандарда қасиетті Рамазан айы бар, бұл айда адамдар таң қылаң беріп атқаннан, күн ұясына батқанша ішіп-жеуден тыйылатынын айтып беру абзал. Ең дұрысы, мектептегі мұғалім сыныптағы балаларға оразаның мән-мағынасын дұрыстап, толығымен түсіндіріп беруі.
Балаларыңыздың өзі құралпас мұсылман балаларымен араласқанына көп көңіл бөліңіз, достарыңызды балаларымен үйіңізге қонаққа шақырыңыз, балаларға арнап түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырып отырыңыздар. Сонда, Алла Тағаланың қалауымен, Рамазан айы сіздің балаларыңыз үшін асыға күтетін қасиетті ай болып естерінде қалатын болады.
asyldin.kz