Адамның асқа деген тәбетінің болуы әрі дастарханда аштықты басатын рұқсат етілген тамақтың тұруы Алла Тағаланың ұлы нығметі мен жомарттығы болып табылады.
Әр кез дастарханға жайғасарда, Алла Тағаланы, Оның мейірімін еске алып, нәсіп етілген тамақ жөнінде ойланған жөн.
Тамақ ішер алдында «Бисмиллә» деп айту зікір, ал осы нығметтің бәрін Алла Тағаланың беріп жатқанын есте сақтау - ойлану болып табылады. Ал тамақ соңындағы «Әлһәмдулиллә - Аллаға шүкір» разышылықты білдіру болып табылады.
Кімде-кім дастархан басына отырғанда зікір айтып, Жаратушыны еске алып отыратын болса, оның жеген тамағы ағзасына пайда әкеліп, ал оның амал дәптеріне «разылық білдіріп, шүкірлік етті» деп жазылатын болады.
Сондай-ақ, ислам ғалымдары тамақ ішу кезіндегі артық салмақтың пайда болуына кедергі келтіретін сүннетті де еске салады. Аталмыш сүннетке сәйкес, қажет болғанынша ғана жеп, дастархан басынан біраз тоймай тұру қажет. Ал тойса да, қомағайланып тамақты асай беретін адам семіруден қашып құтыла алмайды.
Қасиетті Құранда қанағатсыздық пен ысырапшылдықты тыятын аятта былай айтылған: «Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді» (7:31).
Аталмыш аяттан адам қажеттілік аясында ғана жеп-ішуге ерікті екенін білуге болады. Демек, адам баласы тойып тұрғанын біле тұра, мөлшерден артық жесе, бұл ысырап болып табылады. Дастархан басынан қатты тойып жемей тұрып кетуге тырысу қажет, өз кезегінде семіздікке әкеліп соғатын тамақ ысырапшылдығына бой алдырмаған жөн. Осы жөнінде Ибн Сина былай айтқан: «Асқазандарыңды қажеттіліктен артық тамаққа толтырмаңдар. Аз жеп, тамақтан соң 5-6 сағат күте тұрыңдар. Дауа — ас қорытуда, ал денсаулық - сабырда».
Алла Елшісінің (ﷺ) тамақ мөлшері жөнінде айтқан сөзі денсаулыққа қатысты айтылған нағыз құнды сөз болып табылады: «Асқазандарыңды үшке бөліңдер: бір бөлігі — тамаққа, екінші бөлігі — суға, ал үшінші бөлігі – ауаға қалсын».
Ендеше, дастарханға отырғанда тәбетпен отырып, ал тамақтанып болғанда біраз тоймай, асқазанда су мен ауаға орын қалдырып тұру керек.
Бірде тоя тамақ ішіп алған Самура ибн Жундаба (р.а.) ұлының жүрегі айнып кеткендігін көреді. Сонда Самура ұлына: «Егер сенің жүрегің айнып кеткен кезде өліп кетер болсаң, саған жаназа намаз оқу керектігіне мен күмәнданар едім. Артық тамақ жеуден өлу — тақуалықтың белгісі болып табылмайды», - деп айтқан екен.
Омардың (р.а.) былай айтқаны келтірілген: «Жаның қалағанның бәрін жей беру қажеттілік болып табылмайды. Керісінше, бұл ысырап болып табылады, ал Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді».
asyldin.kz